Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлемнің 140 елін жаяу аралаған ливиялық Нури Фунас Ақтауға жетті

2020 жылдың 1 қазан 2020 17:17

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Әлемге есімі белгілі ливиялық саяхатшы Ақтауға жаяу жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде оның төлқұжатында мөр қоятын орын жоқ. Себебі, әлемнің 140-тан аса елінде болған. Нуридің Қазақстанға саяхаты осы жылдың ақпан айында басталды. Осы уақытқа дейін ол еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін аралап үлгерген. Жалпы, алғашқы саяхатын 1998 жылы бастады. Ондағы мақсаты – Ливиядан бүкіл әлемге және әлемнен Ливияға бейбітшілік, татулық пен мейірімділік жодауын жеткізу.

Әлемді жаяу шарлаған Нури көктемде Ресейге жетуді жоспарлаған. Алайда, жер жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан барлық жоспары кейінге қалды. Жиhанкез Қазақстанға келуді шешкен. Сөйтіп, үш мыңдаған шақырымды артқа тастап, Каспий жағасына келіп жетті.



«Каспий теңізі туралы көп естідім. Осы әдемілікті өз көзіммен көргім келіп, құлшыныс пайда болды. Ерекше атап өткім келетіні менің жолымда ізгі ниетті адамдар көп кездесті. Сонымен қатар ең керемет деген жерлерді көруіме көмектесті. Адамдар: «Сізге азық-түлік, тағамдар керек пе? Ақшадан қиналып жүрген жоқсыз ба? Баспана керек пе?», - деп сұрайды. Мен тіпті аздап салмақ қостым. Себебі әр елдің өзіндік тағамдарын жеймін. Ендігі кезекте балық жейтін боламын», - деді жаяу саяхаттаушы Нури Фунас.

Жиһанкез мұндай ұзақ жол туралы бір минутқа өкінбейді. Оған ыстық та, қатал климат та кедергі емес. Осы жылдар ішінде Нури кез келген қауіпті жеңуге үйренген. Ол саяхаттау кезінде қиыншылықтар болғанын да атап өтті.

«Жабайы жануарлар, қасқырлар кездесті. Алайда, мен бәріне үйренгенмін. Осындай оқиғалар кезіксе өзімді қалай ұстауды білемін. Адамдардың бейбітшілік пен келісімге деген сенімін ұялатуды мақсат етіп қойған болатынмын. Мен адамдарды дініне, нәсіліне қарап бөлмеймін. Адамзаттың бәрін жақсы көремін», - деді ол.

Нури Фунас мыңдаған шақырымды жүріп өтіп, өзінің ерекше миссиясын орындаумен келеді. Ол бейбітшілікті, адамға деген махаббатын, жақынына деген сүйіспеншілік пен мейірімділік қатынастарды орнатуды мақсат тұтады.

Қазақстан – Нури Фунастың Азиядағы соңғы нүктесі. Кейінірек ол Нұр-Сұлтан қаласына визасын ұзарту мақсатымен баруды көздеп отыр. Одан кейін Ресей, Украинаға жол тартпақ. Ал бүкіл әлем бойынша саяхаты аяқталған соң, Нури Фунас Ливияға оралып, отағасы болуды армандап отыр.


Фото: 24.kz
Жоғары қарай