Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлеуметтік дистанцияны тудыратын пандемия емес, әлеуметтік желі - Айдос Сарым

2020 жылдың 12 қараша 2020 16:11

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік дистанцияны тудыратын пандемия емес, әлеуметтік желі болып отыр.

Бұл ойымен белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстан азаматтық альяны өткізген жас саясаттанушылардың Policy Camp республикалық онлайн мектебіндегі онлайн жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн жиында саясаттанушы Айдос Сарым әлеуметтік желінің қоғам дамуына келтіріп жатқан зияны туралы баяндады.

«Біздің қоғам интернеттің ішінде әлеуметтік желіде қалыптасқан психология мен заңдылықтарды қиялдағы емес кәдімгі күнделікті өмірге алып келе жатыр. Бұл саясатқа да, мәдениетке де, отбасыға да теріс әсерін тигізіп жатыр. Интернет туралы қазір көп жерлерде мақала, кітап жазылып жатыр. Интернеттің қоғам психологиясына теріс әсері айтылып жатыр. Кезінде демократияландыру, адамдарды жақындастыру деген үлкен мақсатпен құрылған әлеуметтік желі қазір керісінше қоғамды демократиядан тоталитарлық бағытқа алып бара жатыр деген теория бар. Екіншіден, бұл психологиялық тұрғыдан адамдарды бір-бірінен алыстатып жатыр. Бізде пандемия кезінде әлеуметтік дистанция деген ұғым пайда болды. Әлеуметтік дистанцияны тудыратын пандемия емес, әлеуметтік желі деп ойламын. Қазір адамдардың тұлғалардың өзін өзі танытуға құлшынысын тудырған заман. Өзін өзі танытудың, абай айтқандай «толық адам» категориясына жеткізу үшін адамның атын шығару емес, потенциалын пайдалану керек деп ойлаймын. Біз көбінесе екі жерде шатасамыз. Қатты сөйлеу, үлкен-кішіге бәріне «сен» деп сөйлеу интернеттен келіп жатқан дүние. Бұл біздің қоғамдағы сындарлы диалогқа кесірін тигізеді», - деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, интернет кез-келген салада қалыптасқан иерархияны жояды.

«Бұл дегеніңіз мен бастықпын, сіз- қоластымдағы жұмысшысыз деген сөз емес. Кез-келген кәсіп, соның ішінде политология кәсібі де иерархияға негізделеді. Әр мәдениет, ғылым білім осы иерархиядан тұрады. Мәдениеттен, қоғамнан иерархия кеткенде авторитет кетеді. Әсіресе әлеуметтік желіден автор кетеді. Мысалы ғылымды 40 жыл қазбалаған ғалым мен мектептен кеше ғана шыққан оқушының деңгейі бір болып қалды. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Жүрегіме операция жасау керек пе деп мен көршілерімнен емес, Facebook қауымдастығынан емес, дәрігерден сұрағаным жөн», - деді саясаттанушы.


Жоғары қарай