Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлеуметтік кәсіпкерлер салық жеңілдіктеріне қандай жағдайда ие болады

2021 жылдың 10 маусым 2021 12:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында әлеуметтік кәсіпкерлік және инклюзивті білім беру туралы заңдар қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент депутаттарының өзі бастамашы болғанын айту керек.

Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша, әлеуметтік кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы өз қызметкерлерін оқытып, біліктілігін арттырса, салық жеңілдіктеріне ие болмақ. Сондай-ақ, мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және оларға қаржылық, ақпараттық, консультациялық, әдістемелік көмек көрсетуге міндеттеледі.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге, аз қамтылған азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетуге үнемі көңіл бөледі. Бұл тұрғыда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Бұл өзгерістер мен толықтыруларды Сенат депутаттары бастамашылық еткенін және дайындағанын ерекше атап өткен жөн. Отандық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке анықтама беріліп отыр», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін осы Заң аясында экономикалық өсімді қалпына келтіру және пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау бойынша қосымша шаралар көзделгенін атап өтті.

«Заң өңдеу саласындағы жаңа кәсіпорындарға қосылған құн салығын 70 пайызға төмендетуді, өңдеуші өнеркәсіптің жаңа негізгі қорларына қайта инвестицияланған табысты корпоративтік табыс салығынан босатуды көздейді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл жеке кәсіпкерлер қызметінің жекелеген процестерін және олардың салық органдарымен өзара іс - қимылын жеңілдетеді», - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ, сенаторлар, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының кодексіне» (Салық Кодексі), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды қабылдады.

Отырыста Парламент депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, қабылданды.

Заң ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдардың қолжетімді білімге құқықтарын кемсітусіз іске асыруға және оларды оқытудың барлық деңгейлерінде инклюзивті білім берумен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға білім алу үшін тиісті жағдай жасауды тапсырды. Соның аясында Парламент депутаттары осы заңды арнайы әзірледі. Болашақта бұл мемлекеттің білім беру саясатын жетілдіреді және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ешқандай кемсітусіз білім алуына тең мүмкіндіктер туғызады деп үміттенеміз», - деді М. Әшімбаев.


Жоғары қарай