Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Әлеуметтік желіні шулатқан дәрігер видеосына Алексей Цой жауап берді

2020 жылдың 5 шілде 2020 21:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлеуметтік желіде кеңінен тараған Шымкент қаласындағы жекеменшік клиниканың дәрігері Айна Бакееваның коронавирусты емдеу хаттамасын қайта қарастыру қажеттігі туралы видеосына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл видео кеңінен таралып жатыр. Жеке клиниканың дәрігері - терапевт-реабилитолог емдеу және асқыну жағдайларына болжам жасай келе азаматтарымызды ем алудан бас тартуға шақырады. Бұл видеоға қазірдің өзінде денсаулық сақтау жүйесі мамандары әрқилы пікір айтып, Қазақстанның түрлі өңірлерінің дәрігерлері өз ойларын ортаға салды. Қазіргі уақытта Қазақстанда қолданылып жатқан барлық клиникалық хаттамалардың ең алдымен халықаралық деңгейде мойындалғанын, нақтыланған әдістемелердің қолданыста екендігін түсіну өте маңызды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, пациенттермен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер препаратты қалай және қандай мөлшерде қолдану керектігін, кімде асқыну бар екенін, кімге препаратты қолдануға болмайтынын жақсы біледі.

«Әріптестеріміз аталған дәрігермен байланысып, сөйлесіп, дәйектері мен дәлелдерін тыңдауға, оны ғылыми қауымдастықта талқылауға тырысқан еді. Өкінішке қарай, оған қоңырау шала алмадық. Әріптестеріміз үйіне де барды. Бірақ, байланыса алмадық. Бірақ, біз бұл жайттарды кез келген уақытта талқылауға дайынбыз», - деді Алексей Цой.


Жоғары қарай