Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Алғыс айтар едім - Америкалық отбасы асырап алған семейлік қыз биологиялық анасын іздеп жатыр

2020 жылдың 29 мамыр 2020 09:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Америкалық отбасы асырап алған этникалық қазақ қызы Эйжа Бергер өзінің биологиялық ата-анасын іздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің атым - Эйжа. Бұл асырап алған ата-анам берген есім. Бастапқыдағы аты-жөнім Салтанат Ашқынова болған. Мені Семей қаласынан 2001 жылы 16 айлық кезімде асырап алған. Өзімнің биологиялық ата-анамды табуға шешім қабылдадым. Ата-анамды табуға деген ниет барлық уақытта да болған еді», - деді бойжеткен Facebook парақшасында журналист Талғат Алмановқа берген сұхбатында

Эйжа биологиялық ата-анасын іздейтіндігін Facebook-тегі Kazakh American Association (Қазақстандық-америкалық қауымдастық) паблигінде жазған-ды.

«Менің тегім - Бергер (Berger), Флоридада тұрамын. Екі әпкем бар, отбасыдағы ортаншы баламын, жасым 20-да. Колледжде білім алып жатырмын. Отбасымыз өте тату, біз уақытты бірге өткізгенді жақсы көреміз», - деп атап өтеді ол.

Оның айтуынша, барлық уақытта да өзін асырап алғандығын білген. Мұны америкалық ата-анасы да жасырмаған.

«Ата-анам асырап алу процесі жайында айтқан болатын. Бірақ, көп мән-жайды егжей-тегжейлі білмеймін. Ең бастысы процестің өте көп кезеңнен тұрғандығын айтқан. Бастапқыда мен олардың жоспарында болмаған екенмін. Ата-анам кішкентай ұл бала асырап алуға ниеттенген. Осылайша, мен тосын таңдау болыппын», - деді Эйжа.

Сонымен қатар, ол туған ата-анасын іздеуге неліктен шешім қабылдағандығын да айтып берді.

«Барлық уақытта қолым бос болған емес. Жақсы көретін отбасым, жайлы өмірім бар. Бірақ, есейіп, тәуелсіз бола түскенімді түсінемін. Шешімімді әпкелерім де қолдап отыр. Биологиялық ата-анама ешқандай жат сезімім, өкпе-ренішім жоқ. Еш уақытта кінә тақпаймын да», - деді Эйжа.

Қазіргі уақытта өнер мектебінде білім алып, сән инустриясындағы менеджмент пен маркетингтің қыр-сырын меңгеріп жүрген Эйжа туған анасымен кездескен сәтте не айтуы мүмкін екендігімен де бөлісті.

«Анама не айтарымды әзірше білмейміз. Егер, бірдеңе айтар мүмкіндігім туатын болса, онда алғысымды білдіретін едім. Ол мені, өзінің туған баласын біреуге беруге мәжбүр болғанына өкінемін. Құжаттарға сәйкес мен биологиялық анамның екінші баласы екенмін. Оған рахметімді айтармын. Себебі, қазіргі өмірім тамаша», - деді ол.

Сұхбат барысында Эйжаға туған анасының есімі - Құралай Ашқынова, ал әкесінің аты Қуат Ашқынов екені айтылды.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Қандастар, АҚШ, Қоғам,
Жоғары қарай