Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Әлихан Смайылов «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түсінік берді

2019 жылдың 17 қазан 2019 12:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас маман» бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан қажетті ережелер әзірленбеген. Яғни дайын болған кезде тиісті қаржы бөлінеді», - деді Әлихан Смайылов Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Айта кетейік, 9 қазанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде «Жас маман» жобасының орындалуы барысына назар аударылды.

Белгілі болғандай, жобаны жүзеге асырудың тәртібін айқындайтын Ереже уақтылы бекітілмегендіктен, ол бойынша қаржыны қысқарту ескерілген.

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жыл басында, яғни Жастар жылының ашылуы рәсімінде Елбасы «Жас маман» бағдарламасын дайындау үшін Үкіметке тиісті тапсырмалар бергенін еске салды. Алайда осы бағыттағы қажетті шаралар іске асырылмаған. Осы орайда, Мәжіліс төрағасы құжатты дайындау мен келісудің ұзақ рәсімдерін сынға алды.

«Тапсырманы орындамаудың себебінің өзі наразылық тудырады, яғни бұл жағдай бағдарламаны жүзеге асыру тәртібін дайындау мен келісу кезіндегі жай ғана қағазбастылықпен түсіндіріліп отыр. Бір құжатты келісу шараларына 9 ай мерзім жұмсалған. Бір ғана бұйрықты дайындауға осыншама уақыт кетті. Менің ойымша, бұл жайт жастардың мүддесін қамтитын маңызды бағдарламаны жүзеге асыру кезіне бюрократиялық әуре-сарсаңның жарқын үлгісін көрсетіп отыр. «Жастар жылы» болса аяқталуға таяп қалғанда, сіздер енді ғана оянып жатырсыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.

Жоғары қарай