Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алима Есенова: «Қазақстан халқына» қоры жетімдер мен мүгедектерге көмектесетініне сенеміз

2022 жылдың 19 қаңтар 2022 16:00

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Алима Есенова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмаларына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының Парламент Мәжілісінің отырысында жасаған мәлімдемесін мұқият тыңдап шықтық. Өзім «Қазақстан халқына» қорының құрылатындығы жайлы бастамасын ерекше жылы қабылдадым. Осындай қордың болғаны әсте дұрыс. Себебі мұқтаж жандарға назар аударылуы тиіс. Әсіресе бұл қор жетімдер мен мүгедектерге көп жәрдемдеседі деп сенеміз. Сондай-ақ былтыр Риддерде болған алапат өртті білесіздер. Осындай төтенше жағдайларда баспанасынан айырылып, қиын жағдайға тап болғандарға да қордағы қаражаттан қолдау көрсетілуі қажет», - деді Алима Есенова.

Өз сөзінде ол Қазақстанның болашағы үшін әр адамның маңдай тері маңызды екендігін жеткізді.

«Президент халықты бірлікке шақырды. Бәріміз оны қолдап, аянбай еңбек етуіміз керек. Әсіресе жастар. Себебі елдің ертеңі соларға байланысты. Көпұлтты мемлекетімізде татулықты көздің қарашығындай сақтау қажет. Аядай Риддерде түрлі этностар тұрады. Мәселен, біздің әулетте 6 түрлі ұлт өкілі бар. Бәріміз тату-тәтті, сыйластықта ғұмыр кешіп жатырмыз. Бірлік, ынтымақ болған жерде өркендеу, даму болатынын қаперде ұстайық», - деді қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы.


Жоғары қарай