Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы әкімі жаңа модульдік аурухананың видеосын жариялады

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 13:13

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев COVID-19 науқастарына арналған жаңа модульдік аурухананың видеосын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрын жоспарланғандай, COVID-19-бен қарсы іс-қимылда төсек-орын қуатын күшейту үшін 500 орынды жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы дайындалды», - деп жазды әкім Instagram-да.

Бейнероликтегі кадр сыртындағы дауысқа сәйкес, бұл аурухана Қазақстандағы ең ірі COVID-19 госпиталі болып табылады.


Ауруханада елдегі ең үлкен реанимациялық палата жасақталған.

Әр палатада 3 түрлі газдың шығуына мүмкіндік беретін жүйе орнатылған. Барлық коммуналдық жүйе тазарту құрылғысымен жасақталған. Бұл аурухананың жұмысының қауіпсіздігін білдіреді. Сондай-ақ, мұнда медициналық қоқыстарды зарарсыздандыру мен жоюдың заманауи жүйесі орнатылады.

Айта кету керек, бұл Алматыдағы екінші госпиталь болмақ. Біріншісі 18 күнде салынып, 24 сәуірде пайдалануға берілген болатын.

Екінші госпитальдің құрылысы тамыздың басында басталды.

«COVID-19-ға қарсы іс-қимыл, шаралар аясында орын санын арттырып, қуаттылықты күшейтуді жалғастырамыз. Бұл ретте 300 төсек-орынға арналған (оның 30-ы реанимациялық) екінші модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Медициналық мекеме медициналық газ жүйесімен, сондай-ақ КТ, УДЗ және рентген аппараттарымен қамтамасыз етілмек», - деді әкім.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, госпиталь толығымен цифрлық негізде, яғни тексеру - байланыссыз әдіспен, ал бақылау бейнебайланыс арқылы жүргізіледі. Автоматтандырылған жүйе науқастың жағдайын жедел бақылауға, сондай-ақ «жасыл» және «қызыл» аймақтар бойынша қызметкерлердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.



Жоғары қарай