Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Алматы ауруханаларында Қордайда жапа шеккен 29 адам жатыр

2020 жылдың 11 ақпан 2020 17:22

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы емдеу мекемелеріне Қордайдағы оқиға кезінде жапа шеккен 29 пациент жеткізілді. Бұл туралы бүгін болған брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін вице-министр ауруханаларды аралап, жапа шеккендердің жағдайын білді.

«Қазіргі уақытта 25 адамның жағдайы орташа деп бағаланып отыр. 2 пациенттің жағдайы ауыр болса, Орталық клиникалық аурухана мен №7 ауруханада жатқан 2 пациенттің жағдайы аса ауыр. Бұлар жансақтау бөлімінде жатыр. Жамбыл облысында 12 пациент ауруханада, біреуі адам жансақтау бөлімінде жатыр», - деді Камалжан Надыров.

Оның айтуынша, қақтығыста жапа шеккендердің жасы 17 мен 77 жас аралығында. Олардың барлығына Мемлекеттік тегін медциналық көмек көлемі аясында қызмет көрсетіліп жатыр.

Бірнеше күн ішінде Алматы дәрігерлері 14 ота жасаған.

Жамбыл облысынан пациенттер санавиация арқылы жеткізілді.

Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне қарағанда, 13 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған.

Сонымен қатар, Қордайда жатқан науқастарды емдеуге Алматыдан 5 реаниматолог, 1 травматолог, 2 нейрохирург, 1 тамыр хирургы жіберілді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Қордайдағы келеңсіз жағдай салдарынан 182 адам медицина қызметкерлердің көмегіне жүгінген.

10 адам көз жұмса, 8 адам аса ауыр халде жатыр.

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берілді.

Барлығы Қордай ауданындағы оқиға байланысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім еткен еді.


Жоғары қарай