Алматы - Бішкек трассасында бір адам мерт болды, үшеуі ауруханада

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы-Бішкек тасжолында екі көліктің соқтығысуынан бір адам мерт болып, 3 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, көлік апаты Алматы-Бішкек тасжолының 128-ші шақырымында болды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, «Honda Odyssey» көлігінің 37 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, «Mitsubishi Galant» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан «Mitsubishi Galant» көлігінде отырған 53 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екі көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Талдықорған – Үштөбе тасжолында болған жол апатынан бір отбасының үш мүшесі қаза тапқанын жазған едік.