Алматы дәрігерлері тұрғындарды жасына қарамастан вакциналануға шақырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері барлық тұрғындарды жасына қарамастан вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалидың айтуынша, вакцинация - инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы.
«Тәжірибе көрсеткендей, вакцинация жасөспірімдер, аяғы ауыр әйелдер мен бала емізетін аналар үшін қауіпсіз. Бүгінгі таңда Алматыда Pfizer өндірген Comirnaty препаратымен 20 329 адам вакциналанды, оның ішінде 1207 жүкті, 4152 бала емізетін ана және 14 970 жасөспірім бар», - деді Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Ал тіс дәрігері Гүлнар Саримова коронавирус тіс пен ауыз қуысына ауыр зақым келтіруі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар, дәрігер коронавирус жұқтырған адамдарда дәмнің бұзылуы, кандидоз, сүйек некрозы, тістің жоғалуы және аузындағы басқа патологиялық жағдайлар пайда болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Мен барлық азаматтарды вакциналануға шақырамын. Өйткені инфекция иммунитетті айтарлықтай төмендетеді. Стоматологиялық аурулар иммундық қорғаныстың әлсіреуіне байланысты пайда болуы мүмкін», - деді тіс дәрігері.