Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы қаласына тартылған инвестиция көлемі өсті

2021 жылдың 26 мамыр 2021 19:35

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat live тікелей эфирінде мегаполистің экономикалық саясаты, инвестиция тарту және дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалалық экономикалық саясаттағы қолданылған әдістер бизнесті жүргізуге жайлы қала құруға мүмкіндік берді.

Бұл таңдалған стратегияның дұрыстығын тағы да растайды, мұнда қала дамуының басты драйвері – бизнес пен адамдар.

Әлемдегі ең жақсы 100 қаланың қатарына кіру үшін Алматының экономикасы жылына кем дегенде 5%-ға өсуі керек.

Ол үшін өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға басымдық беріледі.

«Алматы-2050» стратегиясында қойылған мақсаттарды іске асыру мегаполиске алдағы 30 жылда өмір сүру сапасы жоғары, экономикасы табысты,қауіпсіз, экологиялық таза және көгалдандырылған, өзіне инвестициялар мен бүкіл әлемнен таланттарды тарта алатын қалалар қатарына енуге мүмкіндік береді. Жеке бастамалар мен инвестициялар жайлы қалалық орта ғана емес, дамыған инфрақұрылым бар қалада болады. Тұрақты заңнама, мемлекеттік қолдау және әкімшілік кедергілердің, бюрократияның болмауы табысқа жол ашады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматыда әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Қаланың шет аймағын дамытуға жете назар аударылған.

«Жаңа Алматы» бесжылдық кешенді даму жоспары аясында 943,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылды.

«Smart технологияларды белсенді енгізу арқылы мемлекетпен өзара іс-қимыл процедуралары жеңілдеді. Алматыда бизнесті «қағазсыз» жүргізуге, есепшот-фактуралар жазуға, банктік операцияларды жүргізуге, салық есебін өткізуге, құрылысқа келісім беруге, эскиздік жоба жасауға, электр қуатына қосылудың келісімшартын электронды форматта жасауға болады.

Алматыда 2020 жылғы дағдарысқа қарамастан 171%-дық өсіммен 971 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестициялар үшін жылжымайтын мүлік (үлесі – 44%), өнеркәсіп (14%), көлік және қойма (10%) салалары тартымды болды.

Денсаулық сақтау (3,5 есе), білім (2,5 есе) салаларында өсім қамтамасыз етілді.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 175 млрд теңгенің 51 ірі жоба іске асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды»,-деді Алматы әкімі.

Биыл да инвестиция көлемі артты. Жеке инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын Longlist 18 инвестициялық жобасы құрылды.

Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр.


Жоғары қарай