Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы көшелерін жарықтандыру мәселесі қалай шешіліп жатыр

2021 жылдың 30 қараша 2021 21:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев сыртқы жарықтандыру жүйесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматыда заманауи жабдықтар мен технологияларды пайдалана отырып, көше жарықтандыруын басқару жүйесі жұмыс істейді.

Жаңғыртудың басты мақсаты - көшені жарықтандыру жұмысын жақсарту және оған қызмет көрсету шығындарын қысқарту.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында 2019-2020 жылдар аралығында қаланың 14 магистралды көшесі бойынша 11 161 шам ауыстырылды, бұл қалалық шамдардың жалпы санының 8 пайызы.

Мұхит Әзірбаев бұл шамдарды ауыстыру жыл сайын электр энергиясының 20% үнемдейтінін атап өтті.

«Ағымдағы жылы 27 көшені жаңғырту жоспарланған, оның аясында 5 мыңға жуық шам мен 2 мың тірек ауыстырылатын болады. Осы бағыттағы жұмыстардың 90% аяқталды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 33 145 LED шам орнату жоспарда»,- дейді Мұхит Әзірбаев.

Оның айтуынша, көше жарығының жағдайын қашықтықтан басқару мен бақылаудың кең мүмкіндіктері, жабдықтың сақталуын қамтамасыз ету және тұтынылатын энергияны нақты есепке алу аталған жаңғыртудың артықшылығы болмақ.

«Заманауи технологияларды қолдану электр тарату желілеріндегі апаттық деңгейін айтарлықтай төмендетеді, штаттан тыс жағдайларды жою кезінде, сондай-ақ жоспарлы профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде уақытты үнемдейді. Бүгінгі таңда жаңа көше шамдарының жұмысындағы ақауларды жою 2-3 сағаттан аспайды. Сондай-ақ электр таратудың әуе желілерін жерасты кәбілдік орындауға көшіру арқасында мүмкін болған «таза аспан» тұжырымдамасының іске асырылуын атап өткен жөн»,- дейді спикер.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша «Шетсіз қала» бағдарламасы да іске асырылып жатыр.

Былтыр 1 423 көше жарықтандырылып, энергия үнемдейтін шамдар қолданылды.

2021 жылдың 11 айында Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы 601 көшеге шам орнату жоспарланған.

Бүгінде аталған жұмыс 540 көшеде (90%) орындалды.

Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, келесі жылы қалған 1 066 ішінара жарықтандырылмаған көшені жарықтандыру жұмысын жалғастыру жоспарда.

«Алматы аулалары да қала билігінің назарынан тыс қалмайды. Мәселен, қаланың аула аумақтарын жарықпен қамтамасыз ету бойынша жоба әзірленді. Қазіргі уақытта қаланың 486 аула аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде»,-дейді Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.


Жоғары қарай