Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматы маңындағы ұшақ апаты: ауруханада жатқан  6 адамның жағдайы ауыр

2019 жылдың 30 желтоқсан 2019 17:36

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұшақ апатынан барлығы 68 адам жарақат алды, олардың 51-і ауруханаға жатқызылды, оның тоғызы бала. 7 адам алғашқы медициналық көмектен кейін амбулаториялық бақылауға жіберілді.

12 адам қаза тапты. Олардың 8-і оқиға орнында, 2-уі тасымалдау кезінде және 2 ересек адам алған жарақаттарынан №4 қалалық клиникалық ауруханада қайтыс болды.

«Қазіргі уақытта ауруханаларда 37 науқас жатыр, олардың 6-ның жағдайы тұрақты ауыр, 31-нің жағдайы орташа. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатқан 7 адам және №4 қалалық клиникалық ауруханадан 1 науқас үйіне шықты. Олар ары қарай амбулаториялық ем қабылдайды. Сонымен қатар, орталық клиникалық ауруханадан бір науқас, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан екі ересек және бір бала үйлеріне шығарылды», - деп хабарлады басқармадан.

Қазіргі уақытта шұғыл медициналық жәрдем орталығында 8 бала; № 4 қалалық клиникалық ауруханасында 17 ересек адам; Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 5 ересек адам; орталық қалалық ауруханада 3 ересек; Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында 3 ересек адам; «Приват» клиникасында 1 науқас жатыр.

Ауруханалардың жансақтау бөлімінде 6 науқас жатыр. Барлығы ересек адамдар. 21 адамға ота жасалды. Оның ішінде 2 бала бар. Медициналық көмек, диагностикалық тексерулер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету толық көлемде көрсетіліп жатыр.

«Күн сайын Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының және республикалық медицина ұйымдарының дәрігерлері консилиум өткізеді», - деп толықтырды басқарма баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ұшақ апатынан зардап шеккендермен және қайтыс болғандардың отбасыларымен 57 психолог жұмыс істеп жатыр. Кезекші психологтардың кестесі жасалып, барлық нысандарға таратылды.

Жоғары қарай