Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында 120 орындық мектеп пайдалануға берілді

2021 жылдың 30 тамыз 2021 15:23

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов ауданында 120 орындық мектеп пайдалануға берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституция және білім күні қарсаңында Аққұдық ауылындағы Байбатшаев атындағы 120 орындық мектеп салтанатты түрде ашылды. Бұған дейін аппаты деп танылған бұрынғы мектеп өткен жылдың желтоқсан айында жұмысын тоқтатқан болатын. Жаңа мектепке 703,030 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер компания «Нұр-Шапағат Кұрылыс» ЖШС нысанды мерзімінде аяқтаған. Екі жыл кепілдік берілген мектеп іші толықтай заманауи материалдық базамен қамтылған.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Талғат Өмірәлиев Конституция күнімен құттықтап, өңірдегі білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Қазіргі уақытта жыл сайын ауданымызда 2-3 мектепті түрлі бағытта кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Биылдың өзінде екі мектеп салынып жатыр. Бірнешеуіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Міне, көптен күткен осы ауылдың мектебі сіздердің игіліктеріңізге берілді. Барша бүлдіршіндерді жаңа білім күнімен құттықтаймын»,- деді аудан басшысы.




Ал, жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастаған Заңғар Айтқожаның қуанышында шек жоқ.

«Бұрынғы мектепте спорт зал жоқ болатын. Жазда далада жүретін едік. Енді жаңа мектепте бәрі бар. Мен спортпен айналысамын. Болашақта чемпион атанғым келеді. Мектеп салып берген барша ағаларға рахмет айтамын», - деді ол.

Жұрт игілігіне берілген мектеп 2736,84 шаршы метр аумақты алып жатыр. Толық орта білім беретін оқу ордасында 126 оқушыға 28 ұстаз білім береді. Жалпы ауданда 27100 оқушы бар. Оқу жылы қарсаңында аудан бойынша 2700 бала мектеп табалдырығын аттаса соның 11 оқушысы Аққұдық ауылының бүлдіршіндері.

Бұдан бөлек Панфилов ауданындағы шекара шебіндегі ауылдардың мектептері жаңартылып жатыр. Басқұншы ауылына 300 орынды орта мектептің құрылысына 1 млрд 709,483 млн теңге бөлінсе, Қорғас ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуге 352 млн 970 614 теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта екі нысанның да құрылыс жұмыстары басталған.

Сондай-ақ, Кішішыған ауылындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға облыстық бюджеттен 15,5 млн теңге бөлініп, конкурс жарияланды. Келер жылы екі мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек.


Жоғары қарай