Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында 14 мың халық тұратын аудан орталығы Сарыөзекте ішетін су жоқ

2021 жылдың 28 мамыр 2021 21:01

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының білдей бір аудан орталығы Сарыөзекте су жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халық ішетін тіршілік нәрін қайдан аларын білмейді. Мәселенің ушыққаны сонша, тұрғындарға суды әскерилер көлікпен тасып әлек.

Ал әкімдіктегілер Сарыөзектің су мәселесін шешу үшін қомақты қаржы керек деп отыр.

«Күндізгі сағат 14:00 бері күтіп отырмыз. Әне келеміз, міне келеміз дейді. Қазір сағат түнгі 23:00 болды. Қашан Мақатаев көшесіне су келеді? Мынау деген сұмдық болды. Шәй ішуден қалдық, жуыну былай тұрсын»,- дейді Сарыөзек ауылының тұрғындары.

Сарыөзектіктер су таситын көлік осылай түннің бір уағына дейін келмейді дейді. Тіпті су жеткізу үшін тұрғындар такси жалдап, шығындануға мәжбүр.

«Таксимен келдім мінекей. 2 мың теңге ақшасын төледім. Енді, міне, суымды алып тұрмын»,- дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұрлан Байғабылов.

«Міне, бір жеті болды, су жоқ. Су таситын көліктер бірде келеді, бірде келмейді»,- дейді ауыл тұрғыны Салтанат Егеубаева.

Сарыөзек халқы қашанға дейін бөтелкемен су тасып, өмір сүретіні белгісіз. Себебі, жер астындағы су құбырлары тозып, кейбірі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жаңартылмаған.

Су сору қондырғылары бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Мұндағы су мәселесін шешу үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат керек.

«Жобасы әзірленген. Қазір 1 млрд 73 млн теңге қаражат қажет. Оған қажетті барлық бюджеттік өтінім берілген. Республикалық бюджеттен қалай қаражат бөлінеді, солай жұмыс басталады. Қаражаттың бөлінуіне қарап отырмыз», - дейді Кербұлақ аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Сопбаев.

Сарыөзекте 14 мыңнан астам халық тұрады.

Қазір осы аудан орталығындағы халықтың жартысынан көбі ішетін су таппай, су таситын көлікті тосып, күн кешіп отыр.


Жоғары қарай