Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында 300-ден аса нысан «Ashyq»-пен жұмыс істеуге көшті

2021 жылдың 18 мамыр 2021 20:53

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 300-ден астам нысан «Ashyq» жобасымен жұмыс істеуге көшті. Бұл туралы Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Ashyq» жобасы алдымен Талдықорғанда, кейін облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы нысандарға енгізілген.

«Қазір «Ashyq« жобасы бойынша қоғамдық тамақтану нысандары ғана емес, сонымен қатар мәдениет, қонақүй, сауна мен монша, фитнес-орталықтар, компьютерлік клубтар жұмыс істейді. Жобаға қатысушы нысандар демалыс күндері барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмыстарын жалғастыруда. Атап өту керек, оған қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Сұрақтар туындаған жағдайда біздің мамандар кеңес беріп, өтінім беруге көмектесуге дайын. Сондай-ақ мессенджерлерде талқылау және техникалық сұрақтарды шешу үшін арнайы чаттар құрылған», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов.

Сонымен қатар, бүгінгі күні белгіленген санитарлық нормаларды бұзған бір кәсіпкерлік нысан «Ashyq» жобасынан шеттетілуі мүмкін.

«Мониторинг жұмыстары барысында кәсіпкерлер арасында талаптарды сақтамағандар да анықталды. Мәселен, «Apriori« мейрамхана кешенінде 15 адамға арналған ауызашар өткізу фактісі анықталды. Нысан «Ashyq «жобасының қатысушысы және бүгінде мейрамхана кешенін жобадан 2 аптаға алып тастау туралы мәселе көтерілуде. Бұзушылық қайта анықталған жағдайда нысан 2 айға шеттетіледі», - деді Талдықорған қаласы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мелдебаев.

Айта кетейік, Алматы облысы бойынша «Ashyq» жобасына қатысушылардың тізімі өңірлік әкімдіктердің сайтында жарияланған.

Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастықпен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімін жасақтап жатыр.

«Ashyq» қосымшасына қатысты барлық сұрақтар бойынша «Атамекен» ӨКП-ға келесі телефон нөмірлері бойынша хабарласуға болады: + 7 775 594 5977; +7 775 894 6061.


Жоғары қарай