Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында ауруханалардың жұмысы қалыпты режимге көшуде

2021 жылдың 7 маусым 2021 16:22

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында коронавирус індетін жұқтырғандар санының азаюына байланысты медициналық мекемелерде инфекциялық стационарлардағы төсек саны 50 пайызға қысқарды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, вакцина салдырушылар қатарының артуы індеттің алдын алуға септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар басқарма басшысы тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарып отырғанын жеткізді.

«Облыстағы инфекциялық стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты төсек саны 4795-тен 2460-қа дейін, реанимациялық төсек саны 410-нан 256-ға дейін қысқартылды. Бүгінгі күннен бастап Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана штаттық режимдегі жұмысына қайта кірісті. Осы уақытқа дейін облыстық аурухана тек коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды ғана қабылдайтын инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеп келген болатын. 7 маусымнан бастап ауруханадағы неврология, урология, хирургия, нейрохирургия, терапия, офтальмология, гематология, эндокринология, нейрохирургия, травматология сияқты бөлімшелер науқастарды қабылдауға толықтай дайын», - деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлы.

Айта кетейік, Алматы облысында соңғы тәулікте коронавирустың 54 жағдайы тіркелді. Өсу қарқыны – 0,2%, оның ішінде 28 симптомдық және 26 симптомсыз жағдай.

КВИ анықталған 54 жағдайдың 13-і 14 жасқа дейінгі балалар.

Жалпы өңірде індеттен 25 324 науқас жазылып шықты. Бір тәулік ішінде стационардан 21 пациент емделіп шықты. 9 адам үй оқшаулауынан шығарылды.

Жалпы Алматы облысында коронавирусты барлығы 26 448 адам жұқтырған. Оның ішінде симптомдармен 16 582адам.


Жоғары қарай