Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында ішімдік ішіп, көлік жүргізген азамат 3 жылға сотталды

2020 жылдың 29 қыркүйек 2020 01:55

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Көлік басқару құқығынан айырылған Алматы облысының тұрғыны масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу барысында сотталған азаматтың бұған дейін 2017 жылғы ақпан айында сот қаулысына сәйкес мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатын жасағаны үшін көлік басқару құқығынан бес жылға айрылғаны белгілі болды. Соған қарамастан ол 30 тамыз күні Көксу ауданында «Nissan Primera» маркалы автокөлікті мас күйінде басқарып, Mersedes Benz көлігімен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған.

«Сот барысында Көксу ауданының 29 жастағы тұрғынының бұған дейінгі заңға қайшы әрекетінен өзіне тиісті қорытынды жасамағаны, автокөлік басқаруға тыйым салынғанын анық біле тұра, қасақана мас күйінде көлік жүргізгені айтылды. Істі қараған судья құқық бұзушының біреудің автокөлігіне зақым әкелгенін және жәбірленушіге материалдық шығын келтіргенін ескере отырып, оны 3 жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылдады»,- дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Рамиль Гимадиев.

Айыпталушы сот залында қамауға алынып, аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

Өз кезегінде құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, өзге жүргізушілерден оның жіберген қателігін қайталамауын сұрады. Полиция өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес, биылғы 8 айдың ішінде 850 адам мас күйде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілікке тартылған.


Жоғары қарай