Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Алматы облысында карантинге жабылған тұрғын үй кешеніне тегін азық-түлік жеткізе бастады

2020 жылдың 5 сәуір 2020 11:55

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысының Қарасай ауданында карантиндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары әкімдіктен тегін азық-түлік тауарларын ала бастады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес кеше карантиндегі тұрғын үй кешенінде тұрғындармен жиын өткіздік. Кездесу барысында бірінші кезекте біз азық-түлікке өте мұқтаж адамдарды анықтадық. Өйткені карантиннен бөлек тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Оған қоса алдағы уақытта шешімі қарастырылатын бірқатар тұрмыстық мәселелер талқыланды, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев.

«Біз оларға бұдан былай да қолдау көрсетеміз. Мұқтаж адамдардың тізімі басқарушы компаниялардан келіп түсуде. Азық-түліктен басқа тұрғын үй кешеніне 10 мыңдай бір реттік маскалар апарып берілді. Олар тегін таратылуда».

Алғашқы азық-түлік пакеттері бүгін 1215 адамды қамтитын 240 пәтерге берілді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, қарт адамдар және жұмыссыз қалғандар сияқты халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары назарға алынды. Тұрғын үй кешеніне азық-түлік тарату ісіне кешенде тұратын тұрғындар арасынан шыққан волонтерлар да белсенді әрекет етуде.

«Жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз жұмыссыз қалдық, өмір сүруге керекті қажеттіліктерге зәруміз. Алдында уаымдағанымыз рас, бірақ әкімдік бізді қиындықта жалғыз қалдырған жоқ. Қолдап, көмек көрсетіп жатыр», - деді «Асыл арман» ТК тұрғыны Александр Цой.

Атап өтсек, тұрғындардың көпшілігі үйлерін ипотекамен алғандықтан, жергілікті билік ипотека төлемінің мәселесін қарастыруда.

«Бұл мәселе әр жағдайды жеке-жеке алып қарастырылатын болады», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев.

Сол сияқты ТК тұрғындары карантин аяқталғаннан кейін «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жұмысқа тұра алатындығы да айтылды.

«Қолдаудың қосымша шараларының арқасында жұмыстан шығып қалған және жұмыссыз азаматтар үшін 68 мың жұмыс орны ашылатын болады. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарланған. Жұмыс орындарын құруда Мемлекет басшысының Жұмыспен қамту жол картасына 1 трлн. теңге бөлу туралы шешімі зор ықпал етеді. Сол қатарда біздің облысқа 109,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 22,8 мың жұмыс орнын құратын 977 жоба жүзеге асырылмақ», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.


Басты сөздер: Коронавирус, Медицина, Алматы,
Жоғары қарай