Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында полицейлердің ар-намысына тиген азамат 20 күнге қамалды

2021 жылдың 15 мамыр 2021 02:17

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полицейлердің ар-намысына әлеуметтік желі арқылы нұқсан келтірген азамат 20 күнге қамалды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 мамыр күні Талдықорғандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қаланың 48 жастағы тұрғынын 20 күнге қамау туралы қаулы шығарды. Кінәлі деп танылған азамат Алматы облыстық Полиция департаментінің «Taldykorgan-Police» ресми парақшасы арқылы тәртіп сақшыларына жалған жала жауып, ар-намысына тиетін пікір жазған.

Даудың басы 27 сәуірде басталған. Дәл сол күні полицияға «Тойота Ланд Крузер» көлігін кәмелеттік жасқа толмаған баланың жүргізіп жүргені және оның жол ережесін бұзғаны жөнінде шағым түскен.

Ақпарат расталған. Тәртіп сақшылары көлікті тауып, айып тұрағына қойған және жасөспірімдердің кім екенін анықтаған. Полицейлер аталған іс бойынша әкімшілік хаттама толтырып, кәмелеттік жасқа толмаған баланы ата-анасына тапсырған.

Бірақ, сот шешімімен кінәлі деп танылған азамат тәртіп сақшыларына жала жауып, әлеуметтік желі арқылы ар-намысына тиген.

«Абылай және Айдар - сіздердің патрульдік қызметкерлеріңіз.... Олардың ата-анасына айта барыңыздар, ақша бопсалайтындар мен алаяқтарды тәрбиелеген»,- деп желіге жазған.

Жағымсыз пікір жазған азамат сот шешімімен 20 күнге қамауға алынды.


Автор Самал Қабышева
Басты сөздер: Алматы облысы, Аймақ, Заң,
Жоғары қарай