Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында «Тәуелсіздікке тарту» акциясы аясында 30 маңызды нысан іске қосылады

2020 жылдың 17 қараша 2020 13:42

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Тәуелсіздікке тарту» акциясының аясында 30 маңызды нысан іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңірде әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылуы мен идеологиялық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али «JETISÝ MEDIA»ақпараттық алаңында өткен баспасөз-маслихатында мәлімдеді.

«Жетісу өңірінің атынан біз 16 қараша мен 16 желтоқсан аралығындағы кезеңде 30 әлеуметтік маңызы бар нысан мен іс-шараларды қамти отырып, «Тәуелсіздікке тарту« акциясын іске қосқымыз келеді. Өңір үшін маңызды нысандар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылады.

Тәуелсіздіктің арқасында елімізде әлеуметтік нысандардың ғана емес, кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейді. Жаңа өндірістік жобалар облыстың жетекші аудандарында іске қосылады. Кербұлақ ауданындағы қуаты жылына 1,2 млн тонна «Алацем« ЖШС цемент зауыты, Іле, Ұйғыр ауданының жаңартылған құс фабрикалары, қуаты 50 МВт Қаскелең күн электр станциясы, 1 200 сауын сиырға жобалық құны 2,5 млрд теңге болатын сүт фермасы Тәуелсіздік күні қарсаңында тұсауы кесіліп, биылғы жылдың ең ірі жобалары болады», - деді Рустам Али.

Ол, сондай-ақ, ауылдық жерлер мен саяжай алаптарына ерекше назар аударылғанын атап өтті. Өңір басшысының орынбасары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қалпына келтірілген Райымбек ауданын одан әрі дамыту туралы айтып өтті. Ауданда халық саны артып, 40 мыңға жуық адамды құраған. Аймақтың дамуына үлес қосуға жігерлі жастар туған өлкелеріне қайтып келуде. Бүгінде олардың саны 2000-нан асады. Дәл осы аймақта Тәуелсіздік күні қарсаңында шамамен 82 тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі.

Саяжай алаптары да бақылауда. Мысалы, осы аптада жоғарыда аталған акция аясында «Шайқорған» және «Қызыл тас» саяжай секторларының тұрғындары үшін облыс орталығында жалпы құны 595 млн.теңге болатын екі көлік жүруге арналған өткел пайдалануға беріледі.

Жергілікті тұрғындарды жайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету мәселесі облыс басшысы Амандық Баталовтың ұстанған саясатының басым бағыты болып табылады. Бұл ұстанымда әркез билік назарында.

«Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету ерекше бақылауда. Ағымдағы жылдың 16 қарашасынан бастап жылдың соңына дейін 446 пәтерлік 239 жалға берілетін үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Сонымен қатар 228 пәтерлік 43 несиелік үй және коммуналдық тұрғын үйлер де бар-бұл 37 жеке үй. Сондай-ақ, облыс орталығының коттедж қалашығындағы 248 коттедж үй өз иесін табады деп күтілуде. Айта кетейік, жыл соңына дейін өңірдегі 711-ден астам отбасы жалпы ауданы 74,9 мың шаршы метрді құрайтын баспананың кілтін қолдарына алатын болады», - деді Рустам Али.

Президенттің бұқаралық спортты дамыту және халықтың денсаулығын жақсарту туралы жолдауы аясында Алматы облысында 100 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мысалы, облыста қазірдің өзінде 8 денешынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді және жыл соңына дейін 7 жаңа спорттық-сауықтыру кешендері мен спорт алаңдары пайдалануға берілмек.

Баршаға мәлім, жаһандық пандемия Денсаулық сақтау жүйесіне үлкен қауіп төндірді. Бірақ, соған қарамастан, Алматы облысы сын-қатерді абыроймен еңсеруде. Ағымдағы жылы 17 нысан құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына қарай Алматы облысының аудандарында 13 дәрігерлік амбулатория ел игілігіне беріледі және Жамбыл ауданында әйелдер консультациясы бар 100 төсектік перзентхана ашылады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, спикер облыс орталығында әлемдік стандарттарға сай келетін, олимпиадалық бассейнінің ашылуы Жетісулықтар үшін үлкен оқиға болатынын, ол осы жылдың соңына дейін дайын болатынын атап өтті. Қазірдің өзінде көздің жауын алатын, сәулеттік келбетімен және қайталанбас стилімен елдің таңдайын қақтырып отырған бірегей спорт нысаны су спортының дамуына үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жобаның құны 11,4 млрд.теңгеден асып жығылады.


Жоғары қарай