Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматы облысында теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте Туымыз желбіреді

2020 жылдың 12 маусым 2020 17:59

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Текелі қаласында теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікке еліміздің көк Туы тігілді. 12 маусым күні 12 сағат 12 минутта желбіреген байрақтың тұғыры 12 метр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұғыры биік Ту қаланың «Көктөбе» деп аталатын тау баурайында орналасты. Ал мемлекеттік рәмізді көтеру құрметі әлемдік және республикалық додаларда топ жарып жүрген спортшы жастарға берілді. Салтанатты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбеков арнайы қатысып, бірнеше шығармасын орындап, жылы лебізін білдірді.

«Бұл үлкен қуат беретін дүние. Енді өзгелерге де жұғысты болса деймін. Біреудің жеткен жетістігіне қызғанышпен қарама, қызығып қара деген осыдан туатын шығар. Осыдан кейін балалар тіпті басқаша шабыт алатын шығар деп ойлаймын», - деді Текелінің тұмса табиғатына ерекше баға берген өнер иесі.




Кеншілер қаласында Мемлекеттік туды орнату және «Көктөбе» алаңын абаттандыру жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Қала әкімі Бақтияр Өнербаев алдағы уақытта шаһардың орталығында тұғыры 25 метр болатын тағы бір биік байрақтың желбірейтінін тілге тиек етті.








Жоғары қарай