Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында үздік мәдениет мекемесіне көлік сыйға тартылды

2021 жылдың 22 мамыр 2021 16:04

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы «Алатау әуендері» концерттік ұйымы өңірдегі үздік мәдениет мекемесі атанып, ұжымға «Киа Рио» автокөлігінің кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрда өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шарада облыс басшысы мен қонақтар алдымен театр фойесіне қойылған өнер көрмесімен танысты. Мұнан соң шара сахнада жалғасып, шымылдық белгілі күйші Секен Тұрысбековтің дирижерлығымен «Ақ жауын» камерлық оркестрі орындаған «Көңіл толқыны» күйімен ашылды.





Бұдан әрі шара сала қызметкерлерін марапаттаумен жалғасты. Жыл бойғы тындырымды жұмыстарының қорытындысында 14 номинация бойынша үздік мекемелер мен үздік мамандар анықталып, оларға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, «Үздік мәдениет үйі» номинациясында Жамбыл аудандық мәдениет үйі оқ бойы озық шықса, Текелі қалалық кітапханасы «Үздік кітапхана» ретінде марапатталды. Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі «Үздік музей», Іле ауданынындағы үлгілі «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік халықтық үлгілі атағы бар ұжым» атанды. Сол сияқты Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің балет әртісі Гүлнұр Қаржаубаева үздік биші деп танылса, филармонияның жеке дауыстағы әншілері Сая Есенгелдинова «Үздік дәстүрлі әнші», Александра Ревкова «үздік әнші» аталымын иеленді. М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы әртісі Ботагөз Дүнгенбаева «Үздік аспапшы», талғарлық Сайлау Ботабеков «Үздік қолөнерші», Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Бағдат Батыров «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әртісі Базарбек Тоқымтаев «Үздік театр әртісі», «Батыр бабалар» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үздік музей қызметкері», Талдықорған қалалық кітапханасының қызметкері Аяжан Қыдыралинова «Үздік кітапхана қызметкері» ретінде марапатталды. Жеңімпаздарға номинация статуэткасы мен арнайы 100 мың теңгенің сертификаты берілді.














Өңірдің үздік мәдениет мекемесі атанған «Алатау әуендері» концерттік ұжымы облыс әкімінің қолынан «Киа Риа» автокөлігінің кілтін алды.

Сонымен қатар 30-дан астам азаматқа «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі, Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары берілді.

Мәдениет өкілдерінің атынан Б. Римова атындағы драма театрының әртісі Руслан Сенкебаев сөз алып, әріптестеріне ақ тілегін арнады. Шара мерекелік концертпен аяқталды.








Жоғары қарай