Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматы облысында жаппай ереуіл кезінде 337 адам жарақат алған

2022 жылдың 13 қаңтар 2022 18:08

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жаппай тәртіпсіздік кезінде 337 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 13 адам - әскери қызметкер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда түрлі дене жарақатын алған 109 адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков дәрігерлерге митингке қатысқандар тарапынан шабуыл жасалмағанын айтты.

«Көшедегі тәртіпсіздікке қарамастан дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлері штатты режимде жұмыс істеді. Дәрігерлерге митингке шыққандар шабуыл жасаған жоқ. Жаппай тәртіпсіздік кезінде облыстық жедел жәрдем станциясының бір қызметкері зардап шекті. Жедел жәрдем көлігіне атқан оқтың салдарынан сынған әйнек жүргізушіні жарақаттаған. Қазіргі таңда көлік жүргізушісінің жағдайы тұрақты. Амбулаториялық ем қабылдап жатыр», - деді басқарма басшысы.

Митингке қатысқандар 5 жедел жәрдем көлігіне зақым келтірген.

Облыста тәртіпсіздік орын алған кезде жалпы саны 206 жедел жәрдем көлігі медициналық қызмет көрсетті.


Жоғары қарай