Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында жомарт жандар бес баласы бар жалғызбасты анаға баспана сыйлады

2020 жылдың 30 шілде 2020 15:19

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысыныңАлакөл ауданында бес баласы бар жалғызбасты ана баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз қызметінің берген ақпаратына сәйкес, «Диана» қайырымдылық қоры Құрбан айт мерекесі қарсаңында Ақтүбек ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Самал Нүрпейісоваға үш бөлмелі тұрғын үйдің кілтін табыстады.

Қоныс иесінің қуанышын бөлісуге округ әкімі Қайрат Тұрлыбеков, «Диана» қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы Қ. Қаппар арнайы қатысып, өздерінің құттықтауларын жеткізді.

«Үй иесін қуанышымен құттықтаймын. Ауданда атқарылып жатқан қайырымды істерге үнемі куә болып жүрміз. Осы игі істің басында жүрген»Диана« қайырымдылық қорына және барлық ұжымына алғысымды білдіремін», - деді округ әкімі.

«Мереке алдында біз керемет шараның куәсі болудамыз. Егер біз ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсете білсек, елде қиналған отбасы болмайтынына сенемін», - деген қор ұйымдастырушысы үй кілтін Самал Нүрпейісоваға табыс етті.

Жалғызбасты ана өзінің 5 баласымен бірнеше жыл пәтер жалдап тұрғанын, енді олардың өз бөлмелері болатынын айтып, көз жасына ерік берді.

Айта кету керек, аталған қор ұжымы тұрғын үйді 920 мың теңге көлеміндегі қаражатқа сатып алған.


Жоғары қарай