Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысындағы дау: ата-аналар балаларын мектепке жібермейміз деп талап қоюда

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 20:47

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында мектеп директоры асылып қайтыс болған білім ордасының ата-аналары балаларын оқуға жібермейміз деп талап қоюда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылындағы Ғ.Садвақасов атындағы орта мектептің директоры өз үйінде асылып, көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.

Ауыл халқы осы қайғылы жағдайға мектеп директоры орынбасарының әрекеті себеп болуы мүмкін деп санайды. Директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары М. Мұхаметов ұстаздар мен техникалық қызметкерлерге қырындады деп айыпталған еді. Тұрғындардың шағымынан кейін оны мектеп директоры жұмыстан босатқан. Бірақ жұмыстан қуылған орынбасар сотқа жүгініп, сот шешімімен қайта қызметіне оралды. Сонымен қатар жұмыстан босаған аралықтағы 380 мың теңге айлығын сот Мұхаметовке төлеуге шешім шығарған.

«Біз Үлкен Ақсу ауылының тұрғындары мектептегі психологиялық орта дұрыс емес деп санаймыз. Осы оқиғаларды ести отырып, біз Мұхаметовті орнынан босатуды сұраймыз. Себебі, мектеп ішінде болашақ ұрпағымыз қауіпсіз жағдайда және психологиялық түзу ортада сапалы білім алғанын қалаймыз. Алайда, мектептегі жағдай сол талаптарға сай келмей отыр. Егер осы талап орындалмаса біз балаларымызды мектепке жібермейміз», - деп бірнеше ата-ана Ұйғыр ауданының әкіміне арыз жазған.

«Мектептегі қызметкерлер арыз жазған. Олар өздерінің шағымында, Мұхаметов сексуалдық әрекеттер жасады деп айыптаған. Алайда шағымданушылардың денесінен жарақат немесе жыныстық қатынас әрекеті болмаған соң, іс дәлелденбеді. 10 маусым мен 26 тамыз аралығында Мұхаметов еңбекке жарамсыз парағын ашып, жұмыста болмады. Сол аралықта ол құзыретті мекемелерге жемқорлық жасады деген тұрғыда директордың үстінен арыз жазды. Бірақ ол дәлелін тапқан жоқ. Ұжымда моральдық-психологиялық ахуал ауыр. Мұғалімдер екі топқа бөлініп, балаларға білім берудің орнына бір-біріне қарсы айыптаушы дәлелдерді іздей бастаған. Ал оны реттеу мүмкін болмай қалған кезде, бірнеше мұғалім Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновпен кездесуге барды. Кеше ғана мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы адамды тағайындадым. Сабақ кесте бойынша уақтылы өтіп жатыр. Адам өлімі болған соң Мұхаметовпен ауыл ақсақалдары да сөйлесті», - деді аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов.

Айта кетейік, қазір аудандық полиция бөлімі мектеп директорының өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 105-бабының 1-тармағы бойынша (Өзін өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.



Жоғары қарай