Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысының тұрғыны медицина қызметкерлеріне тегін қымыз таратуда

2021 жылдың 3 маусым 2021 18:41

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық округінің тұрғыны Миллионер Қажыкенұлы медицина қызметкерлеріне апта сайын 10 литр қымыз тегін тарату науқанын қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынның адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Әлемді жайлаған пандемияны тоқтатудың бірден-бір жолы - әр адамның денсаулығын жақсартып, иммунитетін көтеру. Сондықтан дертке дауа, жанға шипа болатын емдік сусынды ауруханаларға тегін таратудың медицина саласы қызметкерлерінің денсаулығын сақтап қалуда пайдасы зор»,- дейді ауыл тұрғыны Миллионер Қажыкенұлы.

Қазіргі таңда Өтенай ауылдық округінің әкімдігі және облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бастамасымен «Жомарт жүрек» атты қайырымдылық акциясы өтіп жатыр.

Шара Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында ауылдық округ шеңберінде ұйымдастырылуда.

«Алдағы уақытта қымызбен бірге шұбат сусынын да медицина қызметкерлеріне тегін үлестіруге қолғабыс жасалады. Сауабы мол игілікті шара мұнымен шектелмек емес. Сусынды ауылымыздың ерікті жастары мен белсенді азаматтары емханаларға, жедел жәрдем қызметкерлеріне тегін жеткізіп береді. Өзге де ауыл азаматтарын қайырымдылық акциясына атсалысуға шақырамыз», – дейді округ әкімі Жаннұр Әбішев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында Моңғолиядан көшіп келген Миллионер Қажыкенұлының төрт түлікті төлдетіп, миллионер атанып отырғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай