Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда 1-5 сыныптың 20 мыңнан астам оқушысы дәстүрлі форматта оқиды

2021 жылдың 3 наурыз 2021 12:44

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг барысында 2020-2021 оқу жылында 1-5 сынып аралығындағы оқушыларды оқыту форматы туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 2 наурыздағы №6 қаулысына сәйкес 1-5 сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша мектепке барып оқитын болды. Сыныптағы балалар саны 25 адамнан аспау керек және санитарлық-эпидемиялық режим қатаң сақталуы қажет. Ал, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар аралас оқыту форматына көшірілді.

«Қазір мектептерде аралас оқытуға 1-4 сыныптардан - 19 050 оқушы, 5 сыныптың – 1593 оқушысы көшті. Білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген,- деді Қайрат Жұманов.

Алматыда 287 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 278 мектеп бар. Оның 207-сі мемлекеттік мектеп болса, 71-і жеке меншік.

Айта кетсек, 2020-2021 жылғы оқу жылы басталғалы оқушылардың басым көпшілігі пандемияға байланысты қашықтан оқыту форматында білім алған еді. Тек, ата-ананың өтініші бойынша бастауыш сыныптарда кезекші топтар ашылған. Оқу жылының екінші тоқсаны аяқталғанда 9, 11 және 12 сынып оқушыларына мектепке барып оқуға рұқсат берілді.

« Айта кетейік, мектептердің қызметі санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Қаланың барлық мектептері санитарлық қауіпсіздік дезинфекциялық құралдарымен (тоннелдер, санитайзерлер, тепловизорлар, аяқ киімге арналған кілемшелермен 100% қамтамасыз етілген»,- дейді спикер.


Жоғары қарай