Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда 19 учаскеде су кету қаупі бар  - ТЖД

2021 жылдың 24 ақпан 2021 17:55

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда су тасқыны маусымына дайындық туралы онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалада 19 учаскеде су тасқыны қаупі жоғары.

«Су тасқыны жағдайы бақылауда, қажетті күштер мен құралдар дайын тұр. 2020 жылы Төтенше жағдайлар департаменті жиі су басатын 20 учаскені есепке алған болатын. Оның ішіндегі бір учаскеде (Алатау ауданы, Саялы шағын ауданы, №4, №92) әкімдік резервінің қаражатына арық желісі салынып, қауіп толығымен жойылды.

Қалған учаскелер (Алатау-6, Медеу-2, Түрксіб-7, Наурызбай–1, Жетісу-3) Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасымен «Алматы қаласы бойынша 376 шақырым арық желісін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу» жобасына енгізілді. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып қалды.

Наурыз айында мемлекеттік сараптамаға жіберілетін болады. Бұл жобаны іске асыру 2021-2023 жылдарға жоспарланған», - деді Ерлан Әлібеков.

Маманның айтуынша,

таулы аймақта қазіргі уақытта қардың биіктігі 19-58 см жетті (Үлкен Алматы көлі). 2020 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 20 ақпанына дейін 98 мм жауын шашын жауған (норма 237 мм), ылғал қоры 42 мм (норма 85 мм), ал қаладағы топырақтың қату тереңдігі 41 см болған, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 см төмен (2020жылв 52 см болған). Қала өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты. Жалпы, қар төменгі таулы аймақта наурыз айына дейін, орташа таулы аймақта сәуір-мамыр айларына дейін, ал жоғарғы таулы аймақта маусым айына дейін жауатын болады.

Наурыз айына берілген ауа райының болжамына сәйкес осы айдағы орташа ауа температурасы +4,4оС болады, бұл нормадан 1оС жоғары (норма: +3,4оС). Жауын-шашынның мөлшері қалыпты болады деп күтілуде (норма 76 мм).

Былтыр қалада 30 шақырым арық желісі салынған болатын.

Бұдан бөлек, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы шаралар кешені» Жол картасы бойынша үш жерде жұмыстар жүргізілуде.

Біріншіден, Кіші Алматы өзені арнасының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту бойынша (су бөлгіштен Мақатаев көшесіне дейін, жалпы ұзындығы 8,9 шақырым) қазіргі уақытта 60 пайыз жұмыс орындалды.

Екіншіден, Тіксай және Жарбұлақ өзендері арнасының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту (жалпы ұзындығы 7,15 шақырым) жүргізіліп жатыр.

Үшіншіден, Есентай өзенінің арнасын қайта жаңарту (су бөлгіштен Жамақаев көшесіне дейін, жалпы ұзындығы 4,2 шақырым) қолға алынды.

Бұл бағытта жұмыстар 2021 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады.

Жалпы соңғы бес жылда қалада 497 шақырым арық желісі салынып, 40 шақырымнан астам өзен арнасы нығайтылды.

Бұл шаралар су басуы мүмкін учаскелердің санын 3,5 есеге азайтуға мүмкіндік берді.

Биылғы жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында 5 ақпанда Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті. Онда қаланың барлық органдарына тиісті шараларды атқаруға тапсырмалар берілді.

Былтыр күзде су тасқынына дайындық барысында 400 шақырым арық желісі мен 10 шақырым өзен арналары қоқыстардан тазартылды.

Биыл қыс басталғалы бері 987 шақырым арық желісі мен 30 шақырым өзен арналары тазартылды. Көшелер мен аулалардан 110 мың текшеметр қар шығарылды.

Алматы аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары жаңартылды.

Алматы қаласының азаматтық қорғау қызметі дайындыққа келтіріліп, жалпы саны 5126 адам, 746 техника, 7 жүзу құралы, сондай-ақ 73 мотопомпа мен 99 автономды электр станциясы қарастырылған

Азаматтық қорғау қызметтерінде 10 мың дана қап, 508 тонна инертті материал, 42 тонна дизель отыны мен 31 тонна бензин дайындалды.

Республикамыздың басқа өңірлерінде су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда, Алматы қаласынан жалпы саны 55 адам, 9 бірлік техника, 4 жүзу құралы мен 10 мотопомпа қарастырылған күш пен құралдар жасалды.


Жоғары қарай