Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда 2 515 адам мүгедектікті үйден шықпай рәсімдеді

2022 жылдың 27 сәуір 2022 19:10

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Мүгедектікті сырттай белгілеу жобасы Алматыда былтыр қараша айында іске қосылды. 12 ауру бойынша сырттай куәландыру қызметін азаматтар елдің басқа өңірлерінде де пайдалана алады. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қаласы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Құсманова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барудың қажеті жоқ.

Енді мүгедектік тағайындау туралы шешімді тәуелсіз сарапшылар қабылдайды.

«Ерекше қажеттілігі бар адамдарға енді мемлекеттік құрылымдарға барудың, құжаттар пакетін жинаудың қажеті жоқ. Медұйымдар мен медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелері арасында электронды құжат айналымы қамтамасыз етілген, бұл мерзімді айтарлықтай қысқартуға көмектеседі, мүгедектерді артық анықтамалардан құтқарады және оларға электронды түрде жүгінуге және нәтиже алуға мүмкіндік береді»,- деді ол.

Алматыда пилоттық жоба өткен жылдың қараша айында 12 ауру бойынша іске қосылды. Бұл ретте сырттай куәландыру қызметін елдің басқа өңірлерінде де пайдалана алады.

«Бірінші айда жобаға жеті медициналық ұйым қосылды. Бүгінгі таңда бізбен 39 мемлекеттік медициналық ұйым және 31 жеке медициналық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, 1 наурыздағы жағдайға сәйкес республика бойынша сырттай куәландыруға 19 546 өтінім жіберілді. 2022 жылдың басынан бері Алматыда мүгедектікті сырттай белгілеу қызметін 2 515 адам алды», - деді Алматы қаласы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары.

Гүлнар Құсманова болашақта сырттай куәландырудан өтуге болатын аурулар тізімі кеңейтілетінін атап өтті.

Еске салайық, 2021 жылы мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік төлемдерге және оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін ұсынуға 486 млрд теңге бөлінген.


Жоғары қарай