Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

Алматыда 4,7 мыңнан астам аз қамтылған отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді

2020 жылдың 4 сәуір 2020 12:16

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 4,7 мыңнан астам мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің таратқан ақпаратына сәйкес, Алматыда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты халықтың барлық осал топтарына белсенді әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Қаражаттар республикалық және жергілікті бюджеттерден, сонымен қатар «Birgemiz» және «Жаңа Алатау» қорларынан бөлініп жатыр.

Осылайша, республикалық бюджеттен жалпы 69 мыңға жуық қала тұрғынын азық-түлік және тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін 2 АЕК-тен төленді. Соның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек баласын күтуші ата-аналар, АӘК алатындар бар.

Сонымен бірге кемінде 2 АЕК-тен кем емес мөлшерде 3 топ мүгедектері және ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген шамамен 24 мың адамға төлемақы беру қарастырылып жатыр.

Алматы қаласы бойынша халыққа әлеуметтік көмекті Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры көрсетіп жатыр. Аталған қор халықтың осал топтарына, яғни 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден бөліп төлеу үшін шамамен 1,2 млрд теңге бөлуді қарастырып отыр. Олардың қатарына әлеуметтік аз қамтылғандар отбасына кіретін көпбалалы отбасылар, бірінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы қараушы ата-аналар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер мен жетімдер бар.

«Бұл қолдау шараларымен қамтылмаған мұқтаж адамдарға азық-түлік жиынтықтары (10,5 мың теңге) және санитарлық-гигиеналық құралдар пакеті (10,5 мың теңге) түрінде «Жаңа Алатау» қоры мен «Нұр Отан» партиясының демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік көмек ретінде көрсетіледі.

Осындай арнайы себеттер мен жиынтықтарды 4,7 мыңнан астам адам алып үлгерді. Олардың арасында үйлеріне барып қызмет көрсетілетін жалғызбасты зейнеткерлер, 2020 жылдың жаңа талаптарына сәйкес келмейтін, 2019 жылдың соңында мемлекеттік АӘК алушылар қатарындағы азаматтар бар», - деді қалалық әкімдіктен.


Жоғары қарай