Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда 500 жас мұғалім 30 млн теңге төлем алды

2020 жылдың 10 қараша 2020 14:09

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл 240 жас мұғалім пәтер алып, тағы 500 мұғалім 30 млн теңгеден аса әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мәліметті қалалық Білім беру басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева ҚР БҒМ өкілдерімен өткен аппараттық жиында келтірді.

Басқарма басшысы 2020-2025 жылдарға арналған білім беру бағдарламасын ұсынды.

«Біз үшінші жыл қатарынан педагогикалық ЖОО тәмамдаған жас мұғалімдерге 20 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем төлейміз. Бұл жұмыс ары қарай жалғасатын болады», - деді ол.

Оның айтуынша, қалада 500 жас мұғалімге 30 млн теңгеден астам төлем төленген.

Одан бөлек Алматыда мұғалімдер үшін баспана мәселесі өте өзекті болып тұр.

«Осыған байланысты биыл Алматы жастары 3:0 бағдарламасы аясында 240 мұғалімге баспана берілді. Негізі биыл мұғалімдерге 310 пәтер бөлінген. Шарт бойынша 13 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Мұғалімдерге қалада тұру шарт емес. Бұл бағдарламаға кез келген мұғалім қатыса алады», - деді ол.

Ләззат Жылқыбаева «Үздік педагог» байқау туралы да айтып берді.

«Байқау жеңімпаздары 1 млн теңгеге дейін грант, көлік, 2 бөлмелі пәтер ұтып ала алады», - деді спикер.

Одан бөлек тағы 10 мұғалім әрқайсысы 2 млн теңгеден Алматы әкімінің арнайы грантын алды.


Жоғары қарай