Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда Ата Заң тарихына арналған көрме ашылды

2021 жылдың 30 тамыз 2021 16:01

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Конституция күніне арналған кең ауқымды «Конституция - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 1500-ге жуық басылым қойылды. Онда Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы», қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы: мемлекет тарихы мен құқығы туралы әдебиеттер ұсынылды. «Мәдени-мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарияланған «Қазақтың ата заңдары» құжаттар мен материалдар жинағы да бар.

«Сонымен қатар, танымал заңгер, отандық заң ғылымының дамуына, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып, заң ғылымының барлық салалары бойынша зерттеулер мен монографиялар жазған С.Зиманов, С.Сартаев, Қ.Мами, И.Рогов, С.Сабикенов, Т.Күлтөлеев, Ғ.Сапарғалиев, Г.Тайманов, Ә.Еренов, С.Байсалов, Ш.Шайбеков, Н.Мұхиддинов, С.Сахипов, М.Баймаханов, М.Сүлейменов, М.Нәрікбаев, У.Жекебаев, Т.Ағдарбеков, Қ.Халиқов, С.Табанов, Н.Өсерұлы, З.Кенжәли, С.Өзбекұлы, А.Ибраева және тағы басқа заң ғылымы мен білімінің дамуына айрықша серпін берген зиялы тұлғалар басылымдарына ерекше орын берілген»,- дейді ҚР Ұлттық кітапхана қызметкері Жанар Әбдікерімова.

Оның айтуынша, Конституция Қазақстан халқына ең бастысы - таңдау құқығын берді.

«Ата Заң – біздің күнделікті жүріс-тұрысымызды реттейтін, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, ел болашағының жарқын болуы үшін қоғамдағы келісім мен тәртіпті сақтайтын ең маңызды құжат. Мемлекетіміздің дамуына үлес қосқысы келетін азамат сол құжатқа мойынсұнып, оны құрметтемейінше, елдің дамуын ойлау мүмкін емес. Әрбір азамат оны қадірлеп- қастерлеуге, ардақ тұтуға міндетті»,- дейді ол.


Жоғары қарай