Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдарын шығаратын 8 жоба қолға алынды

2021 жылдың 14 шілде 2021 03:41

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы индустриялды аймағының директоры Әділ Амралин онлайн брифинг барысында азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс материалдары саласындағы жаңа жобаларды іске асыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша Biotech Karal компаниясы үй жануарларына арналған биотамақты қоспалар мен тыңайтқыштар өндіретін алғашқы зауыттың бірі.

«Оның құрылысы биыл басталды. Бірінші кезеңі 2022 жылы аяқталады. Құрылыстың екінші кезеңін 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның құны 850 млн теңге. Зауыт 130 жаңа жұмыс орнын ашады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6,7 млн литр дайын өнім шығаруды көздейді»,-дейді спикер.

Екінші зауыттың қуаттылығы жылына 15 млн литр көлемінде алкогольсіз сусындар өндіретін әрі 50 жұмыс орнын ашатын кәсіпорын. Жоба құны 316 млн теңге. 2024 жылға қарай жарты гектар учаскеде зауыт салынады, ол жылына 500 млн теңгеге өнім өндіреді.

Үшінші нысан – автоклавты газоблоктар мен құрылыс материалдарын шығаратын зауыт құрылысы. Бұл компания K7 Group холдингінің құрамына кіреді әрі Батыс Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығының өкілі. Алматыдағы зауыт алюминий витраждарын, пластикалық терезелерді, автоклавты газоблоктарды, витраждарды шығарады.

«Компания электр энергетикасы саласындағы жобаларды іске асырумен айналысады, индустриялды аймақтағы зауыт кабель-өткізгіш өнімдердің 500-ге жуық түрін өндіретін болады. Олар күштік кабельдер, бақылау кабельдері, монтаждау сымдары, ССП сымдары. Кәсіпорында 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда», – деді Әділ Амралин.

Алматы индустриалды аймағында салынатын тағы бір кәсіпорын – ол талшықты және композитті талшықтан жасалған арматура өндіру зауыты.

Индустриялды аймақ директорының айтуынша, бұл құрылыс, дизайн, сәулет және инженерлік жобалаудың үлкен тәжірибесі бар отандық компания. Зауыт шыны талшықты, шыны тор, композициялық материалдан арматура шығарады. 60-қа жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарда. Инвестор жобаны іске асыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы салмақ.

Сонымен қатар, тізімде нан және жартылай фабрикаттарын өндіретін кәсіпорында бар. Мұнда жылына 3,3 мың тонна жартылай фабрикат, 10 мың тоннадан астам түрлі аспаз өнімдері және жылына 5 мың тоннадан астам наубайхана өнімдері өндіріледі.

Индустриалды аймақта 2023 жылға қарай металл құрылымдары мен полиэтилен құбырларын шығаратын «Бұрған-2005» өнеркәсіптік кешені салынады.

Қазіргі уақытта компания қазандық, турбиналық, электр техникалық, химиялық жабдықтарға, бақылау жүйесіне, аварияға қарсы қорғауға қызмет көрсетумен, құрылыс материалдарын өндірумен, көтергіш және қоршау конструкцияларын салумен айналысады. Алматы индустриалды аймағында компания металл құрылымдары мен полиэтилен құбыр фитингтерін шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Жобаның құны - 2 млрд теңге. 90-ға жуық жұмыс орны ашылады.

Осылайша, индустриялық аймақтың 8 жаңа жобасы 772 адамды жұмыспен қамтиды. Жалпы сомасы 29,35 млрд теңгеге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.


Жоғары қарай