Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Алматыда екі жасар бала терезеден құлап кетті

2020 жылдың 2 маусым 2020 12:30

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлап, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жыл сайын күн жылыған кезде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілейді. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне ата-аналарға арналған көрнекі құралдарды орналастырды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратады.

«Алайда балалардың терезеден құлау фактілері әлі де жалғасуда. Жыл басынан бері Алматы қаласында осындай үш жағдай тіркелді. Оның бірі кеше 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнінде болды. Алмалы ауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы терезеде москит торына сүйеніп тұрған 2018 жылы туған бүлдіршін құлап кетті. Бала жабық ми жарақатымен балалар ауруханасына жеткізілді. Баланы үйде отырған ата-аналары бір сәтке көзінен таса қылған», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға тағы бір мәрте сақтық ережелерін еске салады:

– балалар 12,5 см ашық тұрған терезеден құлап кетуі мүмкін;

– терезеге оның кең ашылуына жол бермейтін бекіту құрылғысын орнатыңыз;

– балаларға терезелерден алыс ойнауды үйрету керек;

– балаларды үнемі бақылауда ұстау қажет;

– терезедегі москит торлары өте әлсіз болады:

– терезелердің жанына жиһаз қоймаңыз.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Оқиға, Алматы,
Жоғары қарай