Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда ең үздік digital-ұстаз анықталды

2021 жылдың 6 желтоқсан 2021 22:12

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мектептерінде оқыту процесін цифрландыруды танымал етуге және қаланың үздік digital-ұстаздарын анықтауға бағытталған Digital Ustaz Almaty байқауы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші кезеңге барлығы 2 647 мұғалім тіркелді. Бірінші кезеңнің тапсырмасын – мультимедиялық мақала құруды – 243 қатысушы іске асырды, оның ішінде 105 ұстаз келесі кезеңге өтті.




Байқау қорытындысы бойынша тарих пәнінің мұғалімі, Galaxy International School гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Сағынғали Қалиев байқау жеңімпазы атанды. Енді ол Лондонға барып, ағылшын білім беру ұйымдарының бірінде тәжірибе жинайды. Екінші орынды «Білім-Инновация» лицейінен Ерлан Нұғман мен Нұрбек Серікұлы бөлісті, үшінші орынды (№31 ЖББМ КММ) Ерлан Керімбай иеленді.




Мектепте цифрландыруды танымал етуге бағытталған алғашқы конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Айта кетейік, биыл Алматыда «Алматы мектептері» білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамытудың үш жылдық бағдарламасы басталған еді. Бағдарлама аясында Digital Ustaz Almaty сандық құзыреттер саласындағы кәсіби шеберлік байқауы да болды.

Алматы әкімі аталмыш байқаудың үздік педагогикалық әдістер алаңына айналып, ұстаздардың әрі қарай кәсіби өсуі үшін ынталандыру болатынына сенім білдірді.

«Сіздер одан әрі жетіле түсіп, әріптестеріңізге шабыт беретін тұлғаларға айналасыздар. Сабақ өту барысында өздеріңіздің педагогикалық шеберліктеріңізбен бөлісіп, әрбір оқушының өзін-өзі тануы үшін жаңа ынталандырушы орта құратын боласыздар деген үміттемін», - деді Б. Сағынтаев.

Айту керек, жоба Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры, EdCrunch Academy заманауи білім беру институты ұйымдастырған. Бас серіктесі «Алматы кітап баспасы» болса, ресми серіктесі – «Халық» қайырымдылық қоры болды.

















Жоғары қарай