Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда ірі апаттың орын алуына жол берілген жоқ

2020 жылдың 14 маусым 2020 21:30

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өрт сөндірушілер Түрксіб ауданында орын алған қауіпті өртті сөндіріп, газ тарату пунктінің жарылуына жол берген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«14 маусым күні сағат 17:16-да 101 пультіне Түрксіб ауданына қарасты Сүйінбай даңғылында орналасқан жеке үйдің иесінен өрт шыққандығы туралы хабарлама түсті. №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің алғашқы тобы оқиға орнына 4 минуттың ішінде келіп жеткенде 2 үйдің шатыры жанып, іргелес дәмхана шатырын шарпып жатты», - деп атап өтеді қалалық төтенше жағдайлар департаментінен.

Ведомство мәліметінше, өзге де іргелес нысандарға өрттің таралуы қаупі жоғары болды. Бұған қоса, қызыл жалынға оранған нысанға тақау газ тарату пунктінің орналасқандығы да жағдайды одан ары қиындата түсті. Сондықтан оқиға орнында жедел штаб құрылып, өртті сөндіру екі учаскеде жүргізілді. Апаттық құтқару қызметі де оқиға орнына шақырылып, олар электр және газ желілерін ажыратып тастады.





Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде 250 шаршы метр аумақты шарпыған өрті сағат 18:06-да толық сөндірілді. Өрт орнынан сыйымдылығы 150 литр 3 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды және өрттің іргелес үйлерге таралуына жол берілмеді.

Қызыл жалынмен күреске 26 маман мен 8 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.






Жоғары қарай