Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда қанша жол инфрақұрылымы қалпына келтіріледі

2022 жылдың 17 қаңтар 2022 13:40

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүлінген жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаланың көше-жол желісін бақылау барысында 1 050 шаршы метр жол жабынының бұзылғаны, 410 метр жиектар құлатылғаны, 98 металл тор бұзылғаны анықталды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Жаяу жүргінші жолдарының 2025 шаршы метр кеспекшесі алынған. Қазір жаяу жол жабыны қалпына келтірілді», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Алматыда 46 бағдаршам мен 121 жол белгісі зақымдалған. Бүгінде олар толығымен қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, автобус павильондарын қалпына келтіріліп жатыр. 43 автобус павильоны бүлінген, оның 23-і толық қалпына келтірілді. Қалған 20 павильонды қаңтар айының соңына дейін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізіледі.

«Сондай-ақ, «АлматыБайк» -тың 220 велосипеді мен 21 велобекеті бұзылған. 170 велосипед ұрланған. Қазіргі уақытта IT-жүйесін қалпына келтіру және тексеру жұмыстары жүргізілуде. Халыққа арналған сервисті жаңарту 20 қаңтарға дейін жоспарланған», - деді Ғани Мырзаханов.

Ол зақымдалған велосипедтерді жөндеу және ұрланған велосипедтерді қалпына келтіру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

Ақылы автотұрақтардың қызметі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін тоқтатылған.

Бұдан бөлек, қалада 24 паркомат бүлінген. Бүгінгі күні аталған паркоматтарды жөнделіп жатыр. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қаңтар айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қалалық мобильділік басқармасының басшысы сондай-ақ жол айырықтарында, өтпелерде және метрода құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта басталғанын хабарлады.


Жоғары қарай