Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда карантин талабын бұзған 34 мекеме анықталды

2021 жылдың 28 мамыр 2021 22:02

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының мониторинг тобы екі күнде карантин шаралардың 34 бұзушылығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг тобының мәліметінше, Алматының көңіл көтеру мекемелерінде әлі де жұмыс режимін бұзатындар бар, қонақтарды отырғызу кезінде әлеуметтік қашықтық сақталмайды, қызметкерлер маска тақпайды.

Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындары мен компьютерлік клубтарға жүргізілген екі күндік тексерудің қорытындысы осындай.

Жиналған барлық материалдар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімдеріне жіберілді.

Барлық факті бойынша әкімшілік айыппұл шаралары қолданылады.

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл басынан бері мониторинг топтарының 22 600-ден астам нысанды тексергенін, оның 2176-сында карантиннің түрлі бұзушылықтары анықталғанын нақтылады.

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, қалада коронавирусқа қатысты ахуал әлі де күрделі.

Сондықтан эпидемиологиялық талаптарды бұзушы нысандар басты назарда.

Атап айтар болсақ, көңіл көтеру мекемелері, дәмханалар, мейрамханалар, караоке, барлар, сауда орталықтары.

Сонымен бірге, «Ashyq» жобасы аясында қызмет етіп жатқан кәсіпкерлік субъектілері де тексерілуде.

«Биыл карантинді жиі бұзған 74 нысанға қатысты мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға материалдар жолданды, 53 жағдай бойынша сот шешімі шығарылды. 37 жағдай бойынша мекемелердің әкімшілігі нысандардың қызметін тоқтата отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Сәдуақас Байғабылов.

Санитар дәрігерлердің мәліметіне сенсек, 25 мамыр күні карантин шараларының 25 бұзушылығы анықталды, тек 4 жағдай бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді, қалғандары бойынша қатаң шаралар қолдану үшін материалдар жиналды.

Мысалы, сол күні жұмыс режимін «Ashyq» жобасының қатысушысы – Алмалы ауданының «Seven Cyber Sport» компьютерлік клубы бұзған.

Ал Әуезов ауданының «Нюк» компьютерлік клубы «Ashyq» жобасының қатысушысы болмағаннан кейін, жұмысына тыйым салынған.

Осындай заңбұзушылық «Тема» компьютерлік клубында да анықталды.

Дәл сол күні Бостандық ауданындағы «Calliano» лаундж барында жұмыс режимінің бұзылуы анықталды.

Сондай-ақ бірқатар азық-түлік дүкендерінде сатушылар келушілерге бетпердесіз қызмет көрсеткен.

26 мамыр күні карантин шараларын бұзған 9 мекеме анықталды.

Мысалы, «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істеу рұқсат етілген Алмалы ауданының «Чечел паб» дәмханасында тексерушілер келушілер санының тым көп екенін тіркеген.

Олардың саны залдағы отыратын орындар санынан көп болған.

Анықталған бұзушылықтар арасында қызметкерлері бетперде тақпаған мекемелер тізімінде «Восточный квартал» дәмханасы, «Манго суши» мейрамханасы, «Веселидзе» дәмханасы бар.

Жұмыс режимі Бостандық ауданындағы «Версаль» мейрамханасында, «Dreams» лаундж-барында және 40-қа жуық келуші болған «Бармаглот» барында бұзылған.

Сәдуақас Байғабылов бүгінгі таңда «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің 17 субъектісі тіркелгенін атап өтті. Бұл мекемелер арасында карантин талаптарын бұзатындар бар.

«Бұл процесске жауапты қарау керек, қосымша жеңілдіктерді пайдалана отырып, жұмыс істеуге құқық береді, алайда карантиндік шаралардың сақталуын жалғастыру керек», - деп атап өтті Сәдуақас Байғабылов.


Жоғары қарай