Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Алматыда карантинде жатып босанған әйел провизорлық орталықтан шықты

2020 жылдың 25 сәуір 2020 23:04

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда карантинде жатып босанған 32 жастағы әйел провизорлық орталықтан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, пациент 12 сәуірде №1 Қалалық клиникалық ауруханаға дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, жөтел, тамақтың жыбырлауы сияқты катаралды симптомдармен түскен.

Ауруханада коронавирустық инфекцияға талдау алынды, ол теріс нәтиже көрсетті.

Бұл келіншектің алғашқы рет босануы екенін айта кету керек.

14 сәуірде әйел босанып, салмағы 3 келі ұл бала туған.

«Мен карантинде болғанымда босануыма тура келді. Бұл менің тұңғышым болғандықтан өте қатты уайымдап едім. Бұған дейін қасыма серік болатын адаммен босануды жоспарлағанмын, бірақ толғағым карантинге тура келді. Бірақ, мен медицина қызметкерлерінің қамқорлығының арқасында жалғызсырамадым. Менің ата-анам қала сыртында тұрады. Олардың мені, баланы уайымдағаны рас. Стационардың медицина қызметкерлеріне үлкен рахмет айтқым келеді. Карантин кезінде мен олардан көп нәрсені үйрендім, жас ана курсынан өттім деп те айтуға болады», - деді Ажар Манханова.

«Бүгін анасы ұлымен бірге қорытынды талдаудан кейін үйіне шығарылды. Анасының да, сәбидің де жағдайы жақсы» – деді стационар басшысы Эрнест Қалиев.

Жалпы, қазір №1 Қалалық аурухананың перзентхана блогында Cоvid-19 диагнозы расталған 6 әйел жатыр. Олардың екеуі босанған. Карантинде 24 жүкті әйел бар.


Жоғары қарай