Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда көпбалалы және мұқтаж отбасылар баспанамен қалай қамтамасыз етіледі

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 11:49

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Отбасы Банк арқылы жүзеге асатын «Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен қолжетімді тұрғын үй алуға болады.

«Бұл бағдарламаның көмегімен көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар нарықта бастапқы немесе қосалқы тұрғын үйді қолайлы шарттармен ала алады. Бағдарламаны 3 жылдың ішінде 634 алматылық отбасы қолданды», - деді Ермек Әміров.

Тұрғындардың әлеуметтік осал тобы санатында кезекте тұрғандар үшін үлкен көмек – қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттарын алу мүмкіндігі бар. Бұл сома Отбасы Банк-тен жеңілдікпен ипотека алу үшін бастапқы төлемнің бір бөлігін жабу үшін көзделген.

«Сертификатты кезекте тұрған I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар және көпбалалы отбасылар ала алады. Алматы әкімдігі 1 миллион теңге сомасына 2 000 қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын беруге жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлді»,- дейді спикер.

Жұмыс істейтін жастар «Алматы жастары» қалалық бағдарламасына қатыса алады. Оның аясында 1 000 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.

«Биыл біз тағы 1 000 жас отбасын қамтуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда олардың 772-сі баспаналы болды», - деп толықтырды ол.

Сонымен қатар жұмыс істейтін 1 050 жасты 5 жыл мерзімге жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сөз соңында Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алматы қаласы әкімдігінің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқынын арттыратынын айтты.


Жоғары қарай