Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда қосалқы электр стансасының құрылысы басталды

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 16:49

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов онлайн брифинг барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласын «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамыту қолға алынғаны белгілі. Былтыр жыл аяғында Алматы қаласы мәслихатының сессиясында «Алматы-2050» даму стратегиясы бекітілді. Аталған стратегиялық құжат, ең алдымен, алматылықтардың өзекті мәселелерін тиімді шешу мен халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеп отыр.

Аудан әкімі осыған орай жаңадан қосылған «Алатау», «Ерменсай», «Нұрлытау», «Жайлау»», Көкшоқы», «Алмарасан», «Қарғалы» сияқты шағын аудандарды дамыту міндеті тұрғанын айтты.

«Бұл шағын аудандардағы коммуналдық-шаруашылық мәселелері, сыртқы жарықтандырумен қамту, сапалы ауыз су мәселесін шешу және жол инфрақұрылымы мен көріктендіруге қатысты сұрақтар алдыңғы қатарға шығады. Өткен жылы осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, инженерлік желі құрылысы бойынша 3,4 шақырым су құбыры қайта жөнделді, 515 метр жылу құбыры жөнделді және 2,9 шақырым электр желісі салынды», - деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, былтыр «Алмагүл» шағын ауданы жанынан ұзындығы 4,8 шақырым электр желісі мен қосалқы станса салу жұмысы басталған. Жобаның құны 8,6 млрд теңге.

«Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Нұрлытау шағын ауданында су тазалау құрылғысын салуға жоба сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Аталған жобаның құны шамамен 6 млрд теңге, жоба іске асқан жағдайда су тазалау құрылғысы тәулігіне 9 000 текше метр су өндіреді деп күтілуде. Жоба сметалық құжаттама биыл дайын болады. Сонымен қатар, Нұрлытау шағын ауданында жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын су және кәріз құбырларының құрылысына жоба сметалық құжаттама дайындалуда», - деді Алтай Рахымбетов.

Сонымен қатар, ол Бостандық ауданында бірқатар аула абаттандырылып жатқанын айтты.

«Бостандық ауданыда 1 886 көппәтерлі тұрғын үй менне 655 аула бар. 2020 жылы 120 аула аумағы абаттандырылды, сондай-ақ инвесторлар есебінен 20 балалар алаңы жаңартылды. Биыл 100 аула аумағын күрделі жөндеу және 70 аулаға ЖСҚ әзірлеу жоспарда. Ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 130 аула аумағы қамтылады», - деді Алтай Рахымбетов.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Энергетика,
Жоғары қарай