Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қандай көмек көрсетіледі

2021 жылдың 31 тамыз 2021 17:42

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 17 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан қозғалыс құрылғылары – сурдо және тифло-техникалармен қамтамасыз етілді. Бұл туралы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенсек, Алматыда 53,7 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша олардың барлығы оңалту мен әлеуметтік қызметтерге техникалық құралдармен ақысыз қамтамасыз етілген. Бұл мақсаттарға 5,6 млрд теңге бөлінген.

«Биыл әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді, онда мүгедектер республика бойынша жеткізушілерден қажетті тауарлар мен қызметтер түрін өз бетінше таңдай алады. Мүгедектердің тілектеріне сәйкес қымбат тұратын тауарларды таңдағанда қосымша төлем жасау функциясы бар техникалық құралдардың белгіленген құнын өтеу механизмі қарастырылған. Жыл басынан бері 16 800 мүгедекке оңалту, қозғалыс құралдары, тифло-сурдо техникалық құралдар мен гигиеналық құралдар берілді»,- деді Назира Тоғызбаева.

Сонымен қатар, 5 мың мүгедек оңалтудан өтті. Оларға ым-ишара тілі мамандары мен жеке көмекшілер көмек көрсетті. Сонымен қатар, санаторилерге емделуге жіберілді.

«Қозғалуы қиын мүгедектер мен мүгедек балаларға «Инватакси» көлігінің ақысыз қызметі ұсынылады. Бұл қызметті ай сайын 1 500 мүгедек пен 357 мүмкіндігі шектеулі бала пайдаланады. Айта кетсек, Алматыда «Оңай» жүйесі орнатылған 39 «Инватакси» автокөлігі бар»,- деді спикер.

Сонымен қатар, ол қалада мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде нысандарды сертификаттау мен бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баса айтты. 2021 жылы 180 мекеме сертификатталды, 150 нысан бейімделді.

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін құрылған «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталығы туралы да айтты.

Орталық мамандары құқықтық, психологиялық қызмет көрсетеді, сонымен қатар әлеуметтік, педагогикалық және тәрбиелік мәселелерді шешуге көмектеседі, тренингтер мен вебинарлар өткізеді.

«Мүгедектікке байланысты қорқыныш пен белгісіздікті жоюға бағытталған «Тәуелсіз өмір мектебі» жобасын іске асыру жалғасуда. Бұл мектепте олар өзін-өзі бағалауды арттыруға және қажетті дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. Биыл ерекше қажеттіліктері бар 80 азамат 6 жаттықтырушымен бір апталық курстан өтті. Курстар аяқталғаннан кейін кеңсе базасында 21 күндік шеберлік сабақтары жалғасатын болады», - деді Назира Тоғызбаева.


Жоғары қарай