Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда отандық тарихи сериалдар таныстырылды

2021 жылдың 27 желтоқсан 2021 18:20

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 9 тарихи телехикаяның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Qazaqstan» телеарнасынан ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған 6 тарихи туынды көрсетіле бастады. Ал аты аңызға айналған КСРО Халық әртісі және Халық қаһарманы Роза Бағланова туралы «Бұлбұл» телехикаясын көрермендер «Хабар» арнасының эфирінен көре алады. Сондай-ақ, «Almaty TV» телеарнасы елім-жерім деп өткен Тұрар Рысқұловтың өмір жолын баяндайтын «Қызыл жебе» телесериалын түсірсе, «31 телеарна» ұлы ақын Жамбыл Жабаев пен жас рэпер Жамбоның тағдырына арналған «Жүрек жыры» телесериалын көрерменге ұсынып отыр.

Шараға ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, медиаменеджерлер, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.




«Кино – ұрпақ санасын қалыптастыратын идеологиялық құрал. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп, әлемдік мәдениеттің мың сан бояуы бір арнада араласып кеткен заманда есік-тереземізді қымтап, өркениеттен бөлектеніп өмір сүре алмасымыз анық. Осы ретте ұлттық идеологиямызды насихаттауда, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруде, ұлттық сипатымызды танытуда кино өнерінің алар орны ерекше. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласында аталған салаға айрықша басымдық берді. Президент мақаласында «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деген болатын» - деді ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Осы шараға орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында қатысушылар отандық сериал нарығының бүгіні мен ертеңі жайлы сөз қозғап, өзекті мәлеселерді талқылады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандық телесериалдарды түсіру бағытында анықталған проблемаларды атап өтіп, оның шешу жолдарын ұсынды.

« Біріншіден, отандық телесериалдар түсіру жобасына Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әлеуетін пайдалану. Бұл қаржы жетіспеушілігіне байланысты мәселені шешуге бірден бір септігін тигізер еді. Екіншіден, мемлекеттік ақпарат тапсырысы шеңберінде бөлінетін қаржыны үш жылдық бюджет форматына ауыстыру. Бұл тарихи туындыларды түсіруге жеткілікті уақыт беріп, түсірілім барысында туындаған мәселелерді сапалы шешуге оң ықпал етер еді. Тағы бір атап өтетін мәселе, тарихи туындылар түсіруге қажетті реквизиттердің жетіспеушілігі жиі орын алады. Бұл ретте, «Қазақфильмнің» балансындағы костюмдер мен декорацияларды жеңілдікпен немесе тегін пайдалану мүмкіндігі қарастырылса. Бүгінде оларды сериалдарға қолдану үшін қомақты төлемақы талап етіледі. Бұл де өз кезегінде бөлінген қаржыға айтарлықтай салмақ салады» -деді министр өз сөзінде.



























Жоғары қарай