Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда өзбекстандық 20 гастарбайтер заңсыз жұмыс істеп келген

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 14:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының құрылыс алаңдарында өзбекстандық 20 гастарбайтер заңсыз еңбек еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңсыз иммигранттар Алматыда «Келімсек» республикалық жедел-алдын алу шарасы барысында анықталды.

Алматы қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчиновтың айтуынша, гастарбайтерлер Бостандық ауданында орналасқан тұрғын үй кешенінің аумағында жұмыс істеген.

«Олар жұмыс берушілер секілді еліміздің қолданыстағы көші-қон заңнамасын бұзды. Сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ПД қабылдау-тарату орнына қамалды. Кейіннен сот шешімі бойынша гастарбайтерлер Қазақстаннан тыс жерге шығарылады»,- деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ, спикер үш күн ішінде анықталған құқық бұзушылықтар статистикасын атап өтті.

«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 921 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 686 - Қазақстанда жүріп-тұру қағидаларын бұзған шетелдік азаматтар. Сот шешімі бойынша 25 шетелдік ҚР аумағынан шығарылды. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін 211 тұлға, Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 24 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды», - деді Асхат Бутунчинов.

Айта кетейік, «Келімсек» республикалық жедел алдын алу шарасы қоғамдық тәртіпті сақтау және шетелдіктердің Қазақстанда жүріп-тұру ережелерін бұзуын анықтау мақсатында өткізіледі.


Жоғары қарай