Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда сервистік полиция пилоттық жобасы іске қосылады

2021 жылдың 22 мамыр 2021 15:43

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен өткен онлайн кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша полиция жұмысына сервистік әдісті енгізу тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әкімдік жұмысындағы маңызды басымдықтардың бірі екенін айтты. Осы мақсатта учаскелік инспекторларға баса назар аудара отырып, полиция жұмысын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жаяу патрульдеу күшейтілуде, барынша криминогенді учаскелерге полицияның модульді пункттері ашылып жатыр. Сонымен қатар, бейнебақылау желісі кеңейіп, қауіпсіздікті бақылаудың интеллектуалды жүйелері енгізілуде. Қабылданған шаралар биылғы жылдың 4 айында қылмыс деңгейін 21,3%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау деңгейі 12,4%-ға жақсартылды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен жүзеге асырылған полиция жұмысының сервистік моделінің пилоттық жобасы «басқарудан» «қызметке» көшуді көздейді. Сонымен қатар, полиция азаматтық қоғамның қатысуымен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың белсенді алдын алуға бағытталған.

«Пилоттық жоба құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін өзгертуге көмектеседі. Бұл әдіс Ұлыбританияда, Канадада қолданылады. Біз солардың тәжірибесін енгізіп отырмыз», - деп атап өтті Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Ерлан Тұрғымбаев Алматыда ішкі істер министрлігімен және ЕҚЫҰ-ның консультациялық қолдауымен ведомствоаралық топ құруды ұсынды. Ол белгілі бір аймақтағы қылмыстық ахуалды егжей-тегжейлі талдауға, сонымен қатар қауіпсіздік мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастықпен жемісті байланыс орнатады.

Бақытжан Сағынтаев бұл ұсынысты қолдап, жобаның мақсаты – қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретін және онымен серіктестікте жұмыс жасайтын кәсіби, өкілетті, есеп беретін орган құру екенін баса айтты.

«Біз полицияға азаматтарға көмектесетін, олардың мәселелерін шешетін қызмет ретінде қараймыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Мегаполис әкімінің тапсырмасы бойынша жаңа тұжырымдама Алматының барынша күрделі шағын учаскелерінде сынақтан өтетін болады.


Жоғары қарай