Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда тағы бірнеше ағаш заңсыз кесілді

2020 жылдың 25 қараша 2020 17:01

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы «Көктем-2» шағынауданында бірнеше ағаш заңсыз кесілді. Бұл туралы Жасыл экономика басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолы Тимирязев көшесінің бойында орналасқан «KFC» жылдам тамақтану желісі маңында төрт қарағашты заңсыз кесіп тастау фактісі анықталды.

Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасынан атап өткендей, аталған мекенжай бойынша ағаш кесуге өтініш түскен жоқ және ешқандай рұқсат берілмеген.

«Дүйсенбі күні Алматы Полиция департаментімен бірге жер учаскесінің иесі Р.Есенғалиевке қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 386-бабы (Жасыл аймақтарды күтіп ұстау және қорғау ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама жасалды және заңға сәйкес 15 АЕК айыппұл салынды», - деп хабарлады басқармадан.

Өтемақы ретінде жалпы пайдалану орындарында 40 жапырақты көшет отырғызылатын болады.

Еске сала кетсек, 23 қарашаға қараған түні Алматыда сауда үйінің жанында (Әуезов-Төле би көшелерінің қиылысы) жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұған қатысты тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.

«Қазір аудан әкімдігі мен Полиция департаменті кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Айыпты тұлғалар анықталған соң Полиция департаменті оларды жауапкершілікке тартады. Толығырақ ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз», - деп мәлім еткен болатын қала әкімдігінен.

Кейін Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.

Бұл жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қызметтік тексеру жүргізуді, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

24 қараша күні Б.Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті.

Алматы прокуратурасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша тергеу жүргізуде.




Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Аймақ, Алматы, Экология,
Жоғары қарай