Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда ұрланған қымбат көлік Жамбыл облысынан табылды

2020 жылдың 28 қараша 2020 02:00

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер ұрланған жол талғамайтын қымбат көлікті иесіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Алматы қаласында ұрланған қымбат көлік Жамбыл облысынан табылды.

«Жамбыл облысының ПД полицейлері республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 345-шақырымында Меркі ауданының 31 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Land Rover Range Rover» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің басқаруындағы автокөліктің құжаттары болмағаны анықталды. Бағдарлар ақпараты көліктің Алматы қаласында ұрланған көлік ретінде тіркеуде тұрғанын көрсетті», - делінген ведомство хабарламасында.

Аталған дерек Алматы қаласының Әуезов ауданында ұрлық оқиғасы ретінде тіркеліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Бүгінде ұсталған азамат та, ұрланған автокөлік те тіркелген аумағы бойынша Алматы қаласына жеткізілді.


Жоғары қарай