Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда үй маңындағы дүкендер әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын өсіреді

2020 жылдың 26 қараша 2020 13:08

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үйдің жанындағы шағын дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын көтеріп жібереді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» басқарма төрағасы Асқар Білісбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асқар Білісбековтың айтуынша, Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ұстау бағдарламасының арқасында өзге өңірлермен салыстырғанда азық-түлік бағасы едәуір төмен.

«Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, ұстап тұру үшін бізде айналымда 8 млрд астам теңге бар. Біз ірі сауда желілерімен, өндірушілермен, шаруа қожалықтарымен, фермерлермен, жеткізушілермен және дистрибьюторлармен жұмыс істейміз. Әрине, оның бәрі біздің талапқа сай келе бермейді. Өйткені, бұл бюджет қаражаты екенін ұмытпауымыз керек. Бұл ақша жеңілдетілген несие түрінде беріледі. Сауда желілері дистрибьюторлары мен тауар өндірушілерге бөліп береміз. Бұл қаржы кейін қала бюджетіне қайтарылады» деді Асқар Білісбеков.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын кімдер көтеретінін айтты.

«Азық-түлік бағасын көтеретіндерге келсек, олар - негізінен үйдің жанындағы шағын дүкендер. Біз шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп оларға бәрін түсіндіреміз. Алдағы уақытта оларды да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасына қатыстырамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, бағаны заңсыз көтерген кәсіпкерлерге мониторингті қаланың кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы жүргізеді.


Жоғары қарай